Түлектер ҰБТ-ны 2 рет тапсырады – БҒМ

1698

Тест нәтижесі жұмыс күнінің соңында емес бірден беріледі. 

Түлектер ҰБТ-ны 2 рет тапсырады –  БҒМ

2021 жылы түлектерге Ұлттық бірыңғай тестілеуді (ҰБТ) 2 рет тапсыруға мүмкіндік беріледі. Бұл туралы ҚР БҒМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

"Тестілеу 3 ай: сәуір, мамыр, маусымда ұйымдастырылады. Бұрын ол 10 күнде өтетін. Түлектер тестіні қашан және қайда тапсыратынын өздері таңдайды. Оларға ҰБТ-ны 2 рет тегін тапсыруға мүмкіндік беріледі. Ең жоғары балл жинаған түлектер мемлекеттік грант конкурсына қатысады", деді Әділет Тойбаев.

Ол түлектер тест нәтижесін бірден ала алатынын атап өтті.

"Енді тест нәтижесі жұмыс күнінің соңында емес бірден беріледі. Талапкер тест нәтижесімен келіспесе, сол күні апелляция беруге құқы бар. Тестілеу жалпы "бір тестілеуші – бір компьютер – бір камера" принципі бойынша жүргізіледі", деді басшы.

Директор ҰБТ-дағы пәндер санына өзгеріс енгізілмегенін жеткізді.

"3 міндетті, 2 бейіндік пән болады. Тест тапсырмасының саны – 120, ең жоғары балл – 140. Тест тапсыру уақыты – 4 сағат", - деді Әділет Тойбаев.

Ол елімізде карантин шектеуінің күшеюіне байланысты түлектерге санитарлық талапты қатаң сақтауға кеңес берді.

"Түлектер ғимаратқа маска тағып кіреді. Олар кемінде 2 метр арақашықтықты сақтауы керек",  деп түйіндеді сөзін директор.

Дәурен Ерболат

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу