"Bolashaq" бағдарламасы түлектері қауымдастығы мектеп түлектеріне болашақ мамандығын таңдауға көмектесетін "Болашаққа сеніммен" кәсіптік бағдар беру жобасын бастады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте "Болашақ" қауымдастығы кеңесінің мүшесі Мұхтар Манкеев мәлім етті, деп жазады inbusiness.kz.
Былтыр аталған жоба пилоттық режимде 40-тан астам мектепте жүзеге асырылды. 2023 жылдың соңына дейін 500 астам мектепті қамту жоспарланған.
"Жалпы 3 мыңнан астам оқушы қамтылды, оның ішінде 10-12 сыныптағы балалар бар. Біз оларға нарықтың дамуы және мамандық таңдау кезінде алдарында қандай триггер болуы тиіс екені жайлы айттық. "Болашақ" мамандары-менторлар өздерінің өмірлік немесе кәсіби тәжірибесімен бөлісті. Зерттеу деректері бойынша бүгінгі таңда еңбекке қабілетті халықтың 60%-дан астамы өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұл үлкен мәселе. Сондай-ақ мектеп оқушыларының 87%-і ата-ананың және мектеп мұғалімдерінің ықпалымен мамандық таңдайды. Бұл ретте ата-аналардың 25%-ы балаларының қандай мамандықты таңдағысы келетіні туралы түсінігі жоқ екенін айтады", - деді спикер.