Қазақстанда 60-тан астам ЖОО-да оқыған түлектердің жартысы жұмыссыздар қатарында. Бұл білім гранттары мен оқу ордаларындағы білім сапасының төмендігін көрсетеді. Бұл туралы бүгін "Атамекен" ҰКП Басқарма төрғасының орынбасары Олжас Ордабаев ЖОО өкілдерімен өткен жиында айтты, деп хабарлайды atameken.kz.
Бұндай мәліметтер "Атамекен" Ұлттық кәсіпкерлер палатасының үш жыл қатарынан ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, қазақстандық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларына тәуелсіз бағалау жүргізу нәтижесінде анықталған.
"Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясында Халықаралық қатынастар мамандығы бойынша оқыған түлектердің 71%-ы жұмыссыз, ал Халықаралық гуманитарлық-техникалық университетінде информатика мамандығын бітіргендер де өндіріске қажетсіз мамандар қатарында. Өңірлік әлеуметтік-инновациялық университетінде Кәсіптік оқыту мамандығын бітіргендердің 25%-ы ғана қызметке қол жеткізсе, Орталық Азия университетінде экономика мамандығы бойынша жұмысқа тұрғандар небәрі 20%", – деді өз сөзінде.
Сонымен бірге, мектеп бітіруші түлектердің көпшілігі мамандық таңдауда қиналады, бұл еңбек нарығына қажетті мамандықтар жайында нақты мәліметтердің жоқтығынан. Осының нәтижесінде, жоғары білімді азаматтардың көп бөлігі өзге салада қызмет атқарып жүр. Бұл сала таңдаудағы қателіктің белгісі. Ал аталған рейтинг осы қажеттілікті қанағаттандыру үшін жасалып отқан көрінеді.
"Рейтинг 2019 жылы 17 критерий бойынша жүргізілді, олардың ішінде: еңбекпен қамтылған түлектердің пайызы және олардың орташа айлық еңбекақысы, оқу аяқтаған соң жұмыс іздеу ұзақтығы, сондай-ақ, бағдарламалардың өзектілігін бағалау бар", – деді ол.
Сондай-ақ, жиын барысында Қазақстандағы көрсеткіші төмен университеттер тізімі аталды. Олардың арасында, SilkWay Халықаралық университеті, Сырдарья Университеті, Халықаралық гуманитарлық-техникалық университеті, Өңірлік әлеуметтік-инновациялық университет, Орталық Азия университеті, Шымкент университеті, Астана Университеті бар.
"Қазіргі таңда, жұмыс берушілерді де білім бағдарламаларының өзектілігі алаңдатады. Жалпы алғанда жұмыс берушілердің 68 пайызы қазіргі оқу бағдарламасына көңілдері толмайды", – деді О.Ордабаев.