Түлкібас ауданында өткен жылы 12 мыңнан астам турист келген, оның 7% шетел азаматтары. 2025 жылға дейін жыл сайынғы туристер санын 20 мыңнан асыру жеткізу жоспарлануда. Бұл мақсатта бірнеше жобалар жүзеге асатын болады. Бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Түлкібас ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбеков мәлім етті, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.
Аудан басшысының айтуынша, туризм саласын дамыту бойынша аймақта 3 бірдей жоба жүзеге асады.
"Әуелгісі, жалпы құны 347 млн теңгені құрайтын "Жайлау" емдеу-сауықтыру орталығы салынады. Сыйымдылығы 100 орындық орталықта 50 жұмыс орны ашылып, 2000 турист қамтылмақ. Сондай-ақ, "Саумалмен емдеу орталығы" мен Ақсу өзені шатқалында табиғатты тамашалау алаңы құрылады. Бұл Иірсу елдімекеніне 8 шақырым жерде теңіз деңгейінен 1,5 мың метр биіктікте орналасқан жер. Жобаларды 2019 жылы іске қосу жоспарланып отыр", - деді Нұрбол Әбдісаттарұлы.
Түлкібас ауданында өткен жылы жалпы өнірлік өнім көлемі 68 млрд 800 млн теңге болып, 2016 жылмен салыстырғанда 9,9 пайызға артқан. 2018 жылы жалпы өңірлік өнім межесін 70 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.
"Ауданға былтыр 18 млрд 206 млн 500 мың теңге инвестиция тартылса, өнеркәсіп кәсіпорындары 22 млрд 682 млн 671 мың теңгенің өнімі өндірген. Аудан бойынша белсенді шағын кәсіпкерлік субъектілердің саны 6310 бірлікке жетіп, өндірілген өнім көлемі 34,2 млрд теңгені құрады. Ал салық төлемдері 272,6 млн теңгеге жетіп, 2,7 пайызға артты", - деді Нұрбол Тұрашбеков.