Түлкібас ауданына қарасты Күмісбастау ауылында минералды ас суын дайындайтын серіктестік құрылды. 0,4500 гектарды алып жатқан зауыттың құрылысына 250 млн теңге қаржы жұмсалыпты, деп хабарлайды blognews.kz.
Соңғы заманауи технологиямен жабдықталған бұл зауыт арқылы енді тұрғындар таза ауыз суды пайдаланып қана қоймайды дертіне дауа табатын болады.
"А-Спектр" деп аталатын бұл серіктестіктің жуырда салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті. Күмісбастаулықтарды минералды таза ауыз сумен қамтуды қолға алған осы өлкенің тумасы, "Туған жерді" түлетуге бірден бір үлесін қосып отырған өңірге танымал отставкадағы полиция генералы Жеңісбай Сұлтанов. Зауыттың салтанатты ашылуында сөз алған аудан әкімі Н.Тұрашбеков ел игілігі үшін тірлік істеп отырған азаматтарға алғыс білдірді. Бұл кәсіпорынның ауыл тұрғындарына тигізер пайдасы мол екенін де атап өтті. Енді ауылдықтар минералды таза судан мұқтаждық көрмейді және мұнда ауыл азаматтары үшін тұрақты жұмыс көзі болмақ.
Одан соң кәсіпорын иесі жеке кәсіпкер Ж.Сұлтанов, Күмісбастау ауылының тұрғындары Р.Мұсабаев, М.Ибрагимов құттықтау сөз сөйлеп, жаңа мекеменің ел игілігі үшін еңбек ететінін жеткізді. Лентасы қиылған жаңа мекемеге аудан әкімі Н.Тұрашбеков бастап барша жиналған қауым кіріп көріп, цехты аралап шықты. Өндіріс барысымен танысқан көпшілік мұндағы жабдықтардың толығымен заманауи технологиямен жабдықталғанына көз жеткізді. Цехтың тәулігіне 5 литрлік ыдыспен 1000 дана және 1 литрлік ыдыстан 5000 дана минералды таза ауыз су шығаруға қауқары бар екен. Жалпы, зауытта жергілікті тұрғындардан 26 адам жұмыспен қамтылыпты.
Аудан әкімі Н.Тұрашбеков алдағы уақытта жаңадан құрылған осындай индустриалды аймақтарда жалпы құны 9 млрд 039 млн теңгелік 6 жоба іске асатынын атап өтті. Ондағы екі жоба бойынша табиғи шырынды сусындар мен минералды ас суы дайындалмақ. Кәсіпкер салтанатты шара соңында ауылдастарына құдайы ас беріп, ел ризашылығына бөленді.