Полиция қызметкері Данияр Мейірхан жаңа қызметке тағайындалды. Ол енді Шымкент қаласы полиция департаменті патрульді полиция полкінің командирі қызметін атқармақ.
"Осы үш жыл ішінде мен Түлкібас ауданы тұрғындарының ерекше қолдауына ие болдым. Жеке құраммен бірге сеніп тапсырылған аумақта тәртіп сақтау қиын болған жоқ. Полицейлердің әрекеттеріне құрметпен қарағаны үшін жергілікті тұрғындарға алғысымды білдіремін. Менің әріптестерім ауданда құқықбұзушылықты төмен деңгейде ұстайтынына сенімдімін. Ал маған басшылық Шымкентте тәртіп орнатуды тапсырды, алға жылжу уақыты келді", – деп жазды Д.Мейірхан әлеуметтік желідегі парақшасында.
Шымкент қалалық полиция департаменті оның жаңа басшылық қызметке тағайындалғанын растады.
Айта кетері, биыл сәуір айында Шымкент қалалық полиция департаментінің ішкі қауіпсіздік басқармасы Данияр Мейірханның ұсталғанын хабаралады. Оған автосалонға қатысты ірі көлемде алаяқтық жасады деген айып тағылды. Ал мамырдың басында ол 40 миллион теңге көлеміндегі кепілзатпен босатылды. Артынан Мейірхан қызметінен уақытша шететтілген болатын.
Данияр Мейірхан 1981 жылы туған. Ішкі істер органдарында 2003 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Бұған дейін Түркістан облысы Түлкібас аудандық полиция басқармасының бастығы қызметін атқарған.