Елордадағы Қазмедиа орталығында "Тұмар" ұлттық телевизиялық бәйгесі жеңімпаздарын марапаттау рәсімі басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Биылғы "Тұмар" V ұлттық телевизиялық сыйлығының номинанттарының шорт-парағына 40 финалист енді.
Сыйлық алуға 10 номинация бойынша 250 жұмыс ұсынылды, оның ішінде 88-і қазақ тілінде және 162-сі орыс тілінде.
Ең көп өтінім "Үздік деректі фильм" – 42, "Үздік тележурналист" – 40, "Үздік тележүргізуші" – 38 және "Үздік режиссерлік жұмыс" – 31 номинациялары бойынша келіп түсті.
Естеріңізге сала кетейік, сыйлыққа 2020 жылы қазақстандық телеарналардың эфирінде шыққан телевизиялық жобалар қатыстырылды.
Сыйлық жеңімпаздары қазақстандық телевизияны дамытуға қосқан үлесі үшін 1 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйақы және "Тұмар" мүсіншесінің иегері болады.
"Тұмар" - телевизиялық шеберлік саласындағы жоғары жетістіктері үшін Ұлттық телевизиялық бәйгесі 2017 жылы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен құрылған.
Осы жылдар ішінде отандық телевизиялық журналистиканың 48 маманы эксклюзивті мүсіншеге ие болды.