Өзін қорғаймын деп 4,5 жылға сотталған Жоламан Құсайын әділдік тапты

Оның жазасы жеңілдетілді. 

Өзін қорғаймын деп 4,5 жылға сотталған Жоламан Құсайын әділдік тапты Фото: irbis.tv

Осыдан жарты жыл бұрын Павлодар қаласындағы түнгі клубтардың бірінің ауласында болған оқиға бүгінде ел аузында жүр.

Күдікті деп танылған жас жігіт 4,5 жылға бас бостандығынан айырылған уақытта қоғам назары бұл жайтқа ерекше ауған еді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Резонанстық қылмыстық іске айналған жайт 2024 жылдың 11 тамызында басталды. Сол уақытта облыс орталығындағы түнгі клубтың алдында жолдастарымен тұрған 21 жастағы Жоламан Құсайынға 24 жастағы Сергей Сухоносенко есімді азамат алдымен жақындап, шылым сұраған. Жас жігіт темекі шекпейтінін айтқан соң Сергей кері кетіп, аздан соң қайта оралып, жас жігітке пышақ кезеп, қол жұмсаған.

Жоламан пышақ ұстаған қолды өзі ұстап қалып, суық қарудан жанын аман алып қалды. Мұның соңы төбелеске ұласты. Жоламан кері шегінген тұста Сергей сұлық түсіп құлап, сол жерде тіл тартпастан кетті. Кейін дәрігерлер жәбірленуші миына қан құйылуы салдарынан қайтыс болған деген анықтама жасады. Бұл сәттің барлығы бейнебақылау камерасына да түскен. 

Болған оқиғаға қатысты Жоламан Құсайын күдікті деп танылып, өткен жылдың желтоқсан айында сот оны 4,5 жылға бас бостандығынан айырды. Яғни, оны адамға қасақана зиян келтіріп, соның салдарынан абайсызда адамның мерт болуына әкелді деген байлам жасады.

Бірақ бұл шешіммен екі тарап та келіскен жоқ. Жәбірленуші Сергей Сухоносенконың анасы жаза тым жеңіл екенін алға тартса, прокуор 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал Жоламанның туыстары, қорғаушы тарап істі басқа бапқа, яғни өзін-өзі қорғауына байланысты болған әрекетке ауыстыруды талап етті. 

Бұл іске қатысты соңғы шешім бүгін жарияланды. Аппеляциялық инстанция Жоламан Құсайын адам денсаулығына қасақана зиян келтірген жоқ, тек өзін-өзі қорғау әрекетінің шегінен асып кетті деген шешім шығарды.

Оған дейін аппеляциялық коллегия Жоламанды, жәбірленушінің анасын, екі жақ тарапты, сарапшыларды тағы бір мәрте тыңдап, олардан жауап алды. Нәтижесінде, істі басқа бапқа ауыстырды. 

"Жоламан Құсайынның әрекетін Қылмыстық Кодекстің 106-бабы 3-бөлімінен 112-баптың 2-бөліміне ауыстырып, 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленсін", – деп шешімді таныстырды Павлодар облыстық сотының судьясы Мұрат Солтыбаев. 

Жоламан Құсайын уақытша ұстау изоляторында жарты жыл уақыт болғанын ескере отырып, мұндағы бір күні екі күн деп ескерілді. Сәйкесінше, сот жаза толығымен өтелгенін алға тартып, жас жігітті сот залынан босатуды тапсырды.

Бостандыққа шығып, жақындарының ортасына қайта оралған Жоламан да, оның туған-туыстары да көзіне жас алды. Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде Жоламан Құсайынды қолдауға бағытталған шаралар легі болған еді. 

Ал оның қорғаушысы болған адвокат Ержан Ғазымжанов жігіттің мүлде кінәсі жоқ деп есептейтінін атап өтті. Сондықтан Жоғары сотқа арыз жазып, Жоламанды толық ақтап шығуға қатысты мәселені қарастыратынын айтты. 

Қалай болғанда да жарты жылдық өмірін жабық мекемеде өткізген Жоламан енді еркіндікке шықты. Ал аппеляциялық инстанцияның шешімі жарияланғаннан-ақ бірден заңды күшіне енді деп есептеледі. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу