Тұңғыш Президент күні туған сәбилердің аналарын қала әкімінің орынбасары Асхат Оралов пен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов құттықтады, деп хабарлайды қала әкімдігі.
Қаладағы ауруханалардың акушерлік блоктарында 30 қарашадан 1 желтоқсанға қараған түні 27 бала дүниеге келді. Оның 16-сы – қыз, 11-і – ұл бала.
Оларға Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновтің атынан алғыс хаттар мен жаңа туған нәрестелерге балалар комбинезоны түріндегі сыйлықтар табыс етілді.
"Сіздерді сәбидің дүниеге келуімен және 1 желтоқсан мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін сіздер үшін қос мереке. Сіздерге және балаларыңызға зор денсаулық, бақыт, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Сәбилер еліміздің мақтанышы болып өссін", – деді Асхат Оралов.
Еске сала кетейік, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында елордада "30 игі іс" ұранымен әлеуметтік және қайырымдылық іс-шаралары өтуде. Бұл эстафетадағы ең басты мақсат - қала мен оның тұрғындары үшін игі іс жасау.