Түннен қалмай Екібастұз жылуға толықтай қосылады

684

Бүгін түннен қалмай Екібастұздағы қатып қалған үйлер толықтай жылуға қосылады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин айтты. 

Түннен қалмай Екібастұз жылуға толықтай қосылады

Оның мәлімдеуінше, ақаудың ең басты ошағы кеше ғана анықталған. Қазір ол жерде 214 адамнан құралған 39 жөндеу бригадасы жұмыс істеп жатыр. Сол себепті, бүгін кешқұрым шаһарға жылу беріледі. Дегенмен, тұрғындар мен белсенді топтардан келіп жатқан ақпараттар мен видеолар жағдайдың әлі де күрделі екенін көрсетеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Кеше Екібастұзға Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин келді. Кеншілер қаласында төтенше жағдай режимі енгізілгелі бері келіп тұрған ең жоғары лауазымды тұлға. Жағдаймен танысқан вице-премьер бүгіннен қалмай тұрғындарға жылуды толықтай жеткізуді тапсырды. Сенбіден бері қаланың қай бір бөлігі жылусыз қалып, қатты суықта батареялар жарылды. Салдарынан су келген кезде үйдің іші бүлінді. Одан да басқа баспанасына зақым келген тұрғындар бар. Оларға өтемақыны монополист өтейтін болады. 

"Қазіргі уақытта біраз адам зардап шекті. Арыздар түсіп жатыр. Мыңнан астам қазіргі уақытта арыздар түсті оның ішінде адамдар өзінің қиындықтарын жазып жатыр. Бүкіл шығындарды компания оларға қайта төлейді, ешқандай қалтасынан шығындар болмайды", деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин.

Қазір Екібастұз қаласында ондаған көпқабатты үйде жылу жоқ. Жұрт электр жылытқыштарын қосып жан бағуда. Оның өзінде жоғары кернеуді көтере алмай онсыз да жылуы жоқ шағынауданда жарық та өшіп қала береді. Кәріз жүйелері мен құбырлар қатып, мұз құрсауында қалған. 

"Төтенше жағдайлар құрылымдары да осында. Олар эелектр желілеріне ауырлық түсіп тұтануына жол бермеу үшін бәрін жасап жатыр", деді ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.

Әлі күнге дейін жылусыз, сусыз отырған тұрғындардың шыдамы да таусылып барады. Жылу желілеріндегі ақаулар бүгін де ана жер мына жерден қылаң беруде. Екібастұздың бір ерекшелігі аулалардағы жылу құбырларының көбісі жердің бетінде. Яғни, топыраққа көмілмеген. Сондықтан, сақылдағын сары аязға шыдас бермей мұзға айналды. Ал, тұрғындар жергілікті билік жоғарыға жалған ақпарат беріп жатыр деп налиды.

Екібастұз қаласындағы күрделі ахуал әлі де жоғары деңгейде. Билік оны қанша жасырғанымен әлеуметтік желілерде жұрт ашығын айтуда. Жылу берілгенімен де бірнеше күнде суып мұздап қалған қабырғалардан ызғар ұрып тұр. Жарылған құбырларды қалпына келтіру бүгін ертең біте қояр жұмыс емес. Бүгін белгілі болғандай, прокуратура өз міндетіне құлықсыз қарады, деп қылмыстық іс қозғапты. Қақаған аязда қалың елді суыққа тоңдырғандар заңды түрде жазасын алатын болады.

Есенбек Санатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу