"Түпсанаңды түзетемін": Мәжіліс депутаты инфосығандарға шүйлікті

482

Бизнес-тренерлер мен коучтер үшін кәсіби стандарттар бекіту ұсынылды.

"Түпсанаңды түзетемін": Мәжіліс депутаты инфосығандарға шүйлікті Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантайұлы әлеуметтік желілердегі "арзан ақыл", "сапасыз білім сатқыштарды" айтып, мәселе көтерді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Біз қашан да "сөз қадірі – өз қадірім" деген халықпыз.  Бүгінде әлеуметтік желідегі қаптаған түкке тұрғысыз дүниені түйенің құнына өткізіп жіберетін алаяқтар өзінің де сөздің де қадірін кетіріп болды. Біз қазір интернет білім мен ақпараттың көзі ғана емес, жалған ақпаратпен алдап-арбаудың, орынсыз бопсалап, адам өмірін тас-талқан етудің құралы болып отырғанын көріп жүрміз. Блогерлікті бопсалау мен қыспақтаудың құралы қылып, біреудің абыройын төгіп, сүрінгенін суреттеуді батырлыққа балап жүргендер баршылық", - деді Жарқынбек Амантайұлы өзінің депутаттық сауалында.

Депутат таяуда Атырауда соңы қайғылы жағдаймен аяқталған оқиғаны мысал етті. 

"Қоғамдық тәртіпке бағынуға шақырған күзетшінің ар-намысын аяусыз таптаған блогерсымақтың әрекетінен соң азаматтың қан қысымы көтеріліп, жүрегі тоқтап қалған. Сөз-сүйектен өтеді. Ақыры орынсыз дарақылықтың салдарынан бір әулет қара жамылды. Жалпы мемлекеттік қызметте немесе ел алдында жүрген азаматтардың басқан қадамын аңдып, көп алдында масқаралап хайп қуу әдеткі дүниеге айналды", - деп атап өтті спикер.

Сөзінше, келесі бір маңызды мәселе – әлеуметтік желілердегі арзан ақыл, сапасыз білім сатқыш, білгіштердің көбеюі. 

"Байқап қарасақ, әлеуметтік желілерде "бақытқа жету жолын көрсетемін, жылдам баюды үйретемін, күйзелістен құтқарамын, түпсанаңды түзетемін, бір айда жұлдызға айналдырамын, тез арықтатамын, шет тілінде сайратып жіберемін" деген секілді сан түрлі курс, вебинар, тренинг сатушылар – блогер, бизнес-тренер, коуч, психолог, мотиваторлардың жарнамасы желдей есіп, сауданың көрігін қыздыруда. "Аңқау елге арамза молда" демекші, олардың арасында елге танымал шоу-бизнес өкілдері, айтыскерлер де бар. Оларды ауызекі тілде "инфосығандар" деп атайды. Олардың жүздеген мың теңгеге бағаланған сабақтарын жұрт тіпті несие рәсімдеп сатып алып, кейін қарызға белшесінен батып қалғаны да жасырын емес. Елдің еңсемді көтерсем деген адал үмітін арам жолмен пайдаға айналдырғандарды қалай атауға болады. Бұлардың ешбір сүзгі мен қадағалаудан тыс өткізіп жүрген сабақтарының кесірінен талай отбасының шаңырағы ортасына түсті", - деді Жарқынбек Амантайұлы.

Мәжілісмен "инфосығандардың" көпке ұсынып отырған сабақтары ұлттық құндылықтарымызға қаншалықты сай екенін тексеріп жатқан ешкім жоқ екенін атап өтті.

"Сөйте тұра кебір деректерде еліміздегі осындай инфобизнестің жылдық айналымы 500 миллион долларды құрайтыны айтылған. Болжам бойынша алдағы 5 жылда 2 миллард долларға жетуі мүмкін дейді. Айтпақшы, олар мемлекетке салық төлей ме өзі?! Тіпті инфосығандардан мезі болған жұртшылық оларға тыйым салу мақсатында 2023 жылдың 23 қарашасында петиция да жариялаған екен. Өкінішке қарай, қараусыз қалса керек", - деді депутат.

Жарқынбек Амантайұлы тиісті мәселенің шешімі ретінде бірқатар ұсыныс тастады. Оның қатарында инфобизнес платформаларының мазмұны мен идеологиясына және заңдылығына, оны жүргізушілердің деректеріне мониторингті күшейту, заң бұзушылықтарға жедел әрекет ету бар.

Ол бизнес-тренерлер мен коучтер үшін кәсіби стандарттар бекітілуі тиіс екенін баса айтты. Сонымен қатар халық арасында интернет алаяқтардан, инфосығандардан қорғану бойынша түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізуді ұсынды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу