Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен TURAN этно-фольклорлық ансамблі өзінің 15 жылдық мерейтойына орай әлемдік турне өткізеді, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"1-17 сәуір аралығында Turan Еуропада бірнеше концерт өткізеді. Атап айтқанда, ансамбль Франция астанасы Парижге, Лион және Бельфорға, Швейцария астанасы Женеваға, Бельгия астанасы Брюссельге, Хорватия астанасы Загребке, Словения астанасы Люблянаға, Будапешт пен Венаға барады", - делінген ҚР Мәдениет және спорт министрлігі баспасөз қызметі хабарламасында.
Бүгінде гастрольдер бастамасы АҚШ астанасы - Вашингтонда өтті. Наурыз мейрамы аясында 21-23 наурыз аралығында ұжым Колумбия округі университеті мен Джордж Вашингтон университетінің сахнасында өнер көрсетті.
"Осы 15 жыл ішінде Turan АҚШ-та және басқа елдерде бірнеше рет өнер көрсетті. Ансамбль бұған дейін Нью-Йорк, Лос-Анджелес, Сан-Франциско және Вашингтондағы Карнеги холл және Кеннеди орталығы сияқты орындарда концерт берген. Ансамбль еліміздің ежелгі музыкалық өнерін, көмеймен əн орындау өнерін, көне аспаптардың дыбысын қайта жаңғыртты. Бұл ретте, ол бүкіл әлемдегі сан мыңдаған тыңдаушылардың құрметіне ие болды, бұл шетелдіктердің ұжымға деген қызығушылығының дәлелі", - деп атап өтті ҚР МСМ Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Данияр Әлиев.
Турне аясында сахнаға Роза Бағланова атындағы "Қазақконцерттің" басқа да солистері шығады.
Әрі қарай ансамбль Қырғызстан мен Өзбекстанға барады.