"Тұран" футбол клубы құрылады

1216

Ол премьер-лигада ойнайтын мықты команда болмақ.

 "Тұран" футбол клубы құрылады

"Таяу уақытта "Тұран" футбол клубы құрылады. Бұл туралы Түркістан облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Полат Қырықбаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, өткен жылы облыс спортшылары Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен біріншіліктеріне қатысып, 387 алтын, 382 күміс, 365 қола медальға қол жеткізсе, Азия чемпионаттарында 73 алтын, 58 күміс және 38 қола медальға ие болған. Ал Әлем чемпионаттары мен Кубоктарында түркістандық сайыпқырандар 32 алтын, 15 күміс және 16 қола медаль жеңіп алды. Ал Индонезияда өткен жазғы Азия ойындарынан түркістандықтар 2 алтын, 2 күміс және 5 қола медаль еншілеген.

"Өңірге мықты спортшылар мен бапкерлерді тартуды көздеп отырмыз. Тек өз еліміздің азаматтарын ғана шақырамыз. Мен шетелден легионер шақыруға түбегейлі қарсымын. Олар ақшасын алады да елдеріне кетеді. Бекзат, Мұхтархан, Ермахан сияқты жігіттер ауыл-аймақтарда баршылық. Соларды спортқа баулып, чемпиондар даярлауымыз қажет", – деді Полат Наурызбайұлы.

Бұқаралық спортты дамыту мақсатында 2018 жылы облыс аумағында 4026 спорттық іс-шара өткізіліп, оған 571,2 мың адам қатысқан. Облыс тұрғындарының спортпен шұғылдану көрсеткіші 28,9 пайызды құрап отыр.

Сонымен бірге, Түркістан облысының спортшылары ҚР Ауыл жасөспірімдерінің 2-ші жазғы ойындарында жалпыкомандалық 2-ші орынды иеленсе, мектеп және колледж оқушылары арасындағы жазғы Спартакиадада 1-ші орынды жеңіп алды.

"Таяу уақытта "Тұран" атты футбол клубын құруды жоспарлап отырмыз. Ол премьер-лигада ойнайтын мықты команда болады. Сондай-ақ балалар мен жасөспірімдердің облыстық футбол мектебі ашылады", – деді басқарма басшысы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу