Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы уақытта елімізде қолжетімді, сапалы тұрғын үйлер салынатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Оның пікірінше, мемлекет бұл маңызды мәселені шешу үшін ауқымды шаралар қабылдап жатыр.
Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында: "Қазір азаматтарымыз өзінің зейнетақы жинағының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға пайдалана бастады. Бұл – бұрын соңды болмаған теңдессіз қадам. Жаңа бастаманың жүзеге асқанына бір ай ғана уақыт өтті. Соның өзінде мыңдаған азамат көптен күткен баспанасын алды. Ипотекасын өтеді немесе несиесін азайтты", – деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жұмыстарға қарамастан елімізде тұрғын үй мәселесі әлі өзекті екенін жеткізді.
"Былтыр тұрғын үй құрылысының қарқыны 11,2%-ға өсті. Бұл – жақсы көрсеткіш. Бірақ өңірлердің ахуалы әркелкі. Мысалы, пайдалануға берілген дайын үйлердің 40%-ы тек Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларында. Оның үстіне бұл үйлердің көпшілігінің бағасы әлі де қымбат",– деді президент.
Осы орайда Мемлекет басшысы Үкіметтің қаңтардағы кеңейтілген отырысында тұрғын үй саясатын жетілдіру үшін жаңа ұсыныстарды енгізуді тапсырғанын айтты.
"Үкімет айтартықтай тиімді ұсыныстар берді. Жалпы бұл ұсыныстарды қолдаймын. Дегенмен нарықтың өз ережесі бар. Нақты экономикалық факторларға байланысты құрылыс компаниялары қазір арзан үй салуға мүдделі емес", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Оның айтуынша, осыған байланысты қолжетімді, сапалы үй салуды жандандыру үшін құрылыс компанияларымен "off-take" келісім немесе алдын ала сатып алу келісімін жасау керек. Бұл елімізде қолжетімді, сапалы үйлер салуға мүмкіндік береді.
"Соған сәйкес тұрғын үйлер "Нұрлы жер" бағдарламасындағы бағамен сатып алынады. Мұндай тәсіл сынақ жобалары аясында алдын ала пысықталды. Енді мұны ел бойынша жүзеге асырған жөн. Бұл – қадам аз уақыттың ішінде құны қолжетімді жаңа тұрғын үйлер салуға мүмкіндік береді", – деп түйіндеді сөзін ол.
Айта кетейік, Нұр-Сұлтанда Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысы өтіп жатыр.
Кеңес 2019 жылдың маусымында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен құрылған болатын.
Дәурен Ерболатов