Шілденің қорытындысына сәйкес, жаңа салынған тұрғын үй бағасы бір айда – 0,5%-ға, ал бір жылда 19,6%-ға өсті. Екінші нарықтағы пәтерлер бір айда – 0,8%-ға, бір жылда 26,4%-ға қымбаттады.
Жалдау құны бір айда 0,4%-ға, бір жылда 20,8%-ға өскен.
"Бұл сектордағы қымбатшылық жалпы елдегі экономикалық жағдайдан алшақ емес, инфляция деңгейіне сәйкес келеді", – деп бағалайды портал сарапшылары.
Олар келтірген дерекке сүйенсек, шілдеде айлық инфляция 1,1%, жылдық инфляция – 15% болды. Азық-түлік тауарлары бір айда 1%-ға, бір жылда 19,7%-ға қымбаттаған. Ал азық-түлік емес тауарлар бір айда 1,5%-ға, бір жылда 14,2%-ға қымбаттаған. Қызметтер құны бір айда 0,8%-ға, бір жылда 9,2%-ға өсті.
Атап айтқанда, тұрғын үйге қызмет көрсету және жөндеу секторындағы қызметтер бір айда 1%-ға, бір жылда 15,3%-ға қымбаттаған. Ал тұрғын үй-жайларға қызмет көрсету мен жөндеуге арналған материалдар бір айда 2,5%-ға, бір жылда 20,5%-ға қымбаттады.
Пәтер жалдауға деген сұранысты өткен жылмен салыстыратын болсақ, оның үш есе өскенін байқауға болады. "Бұған Ресей мен Украинадан адамдар жатқанын байланыстырамыз. Көбісі Алматыда қалады, кейбіреулері Ресейге жақын орналасқан қалаларға көшті. Бұл фактор нарықтағы бағаны "жылдамдатады", – деп топшылайды сарапшылар.
Естеріңізге сала кетейік: қазіргі уақытта мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы органдар жалдаған тұрғын үйге 617,9 мың қазақстандық кезекте тұр.