Премьер-Министр Әлихан Смайылов азаматтардың табысын арттыру, мектептер, медициналық мекемелер, тұрғын үйлер салу және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту шаралары туралы айтты.
2023 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде әлеуметтік төлемдерге, денсаулық сақтауға, білім беруге, инфрақұрылымды дамытуға және басқа да салаларға қосымша 2,2 трлн теңге бөлінді.
"Мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері уақтылы және толық көлемде орындалып келеді. Биыл 4,4 млн адамды көтерілген әлеуметтік төлемдермен қамтуға 4,6 трлн теңге бөлінді", — деді Әлихан Смайылов.
Оның айтуынша, халықтың табысын арттыру шаралары аясында 3 млн-нан астам адамның табысы өсті. Соның ішінде, 1,2 млн бюджет саласындағы қызметкерлердің жалақысы 30%-ға дейін ұлғайтылды. 1 млн-нан астам жұмысшылардың жалақысы 10-нан 50%-ға дейін көтерілді. Жәрдемақылар 900 мыңға жуық адамды қамти отырып, 23%-ға өсті. Студенттерге стипендия 20%-ға көтерілді. Бұдан басқа, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын іске асыру шеңберінде жыл соңына дейін 1 млн-ға жуық адам жұмыспен қамтылады.
Ауылдық жерлерде медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыру үшін қосымша "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасы іске асырылып келеді. Оның аясында 2026 жылға дейін 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын салу және 32 көпсалалы аудандық аурухананы модернизациялау жоспарланып отыр. Биыл осындай 309 нысан іске қосылады.
Сонымен қатар биыл Елордада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың емдеу-диагностикалық ғимараты ашылады, ал келесі жылы Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру және Алматыдағы Ұлттық инфекциялық аурулар ғылыми орталықтары беріледі.