Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Ақтөбе қаласындағы салымшылары "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында Қазақстан бойынша ең төмен бағамен үй ала алады, деп хабарлайды банктің баспасөз қызметі.
Ақтөбеде "Нұрлы жер" бағдарламасының "Жеке тұрғын үй құрылысын дамыту" пилоттық бағыты аясында алғашқы 194 коттедж құрылысы аяқталып келеді. Аталған үйлерден үміткер Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ("Бәйтерек" холдингінің еншілес ұйымы) салымшылары құрылыс барысын өз бетінше бақылап, ұнаған нысанды таңдай алады.
"Жер телімін алуға өтінішті 2006 жылы берген болатынмын. Кезегім келіп жетті. Мен енді 100 шаршы метр жердің иесі ғана болып қоймай, қолжетімді бағамен екі қабатты коттедж де сатып ала аламын, және де мұның бәрі қалада орналасқан", - дейді Әлібек Тәжиев.
Екі қабатты үйлердің іргетасын құю, кірпішін қалау, баспалдақ аралықтары мен тақта-жабындарын орнату жұмыстары сапалы жасалған.
"Аймақ бойынша жер кезегінде 111 291 адам тұр. Әрбір алтыншы үміткердің Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде шоты бар. Яғни банк салымшысы өз кезегін күтумен қатар үйге де ақша жинай алады. Мен мұны дұрыс тәсіл деп санаймын", - деп атап өтті ҚР премьер-министрінің орынбасары Асқар Маминнің Ақтөбе облысына жұмыс сапары аясында коттедж қалашығын аралаған Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің Ақтөбе облыстық филиалы жеке тұрғын үйлерді сатып алу мүмкіндігі бар салымшылардың пулын құрды. Оған банктің 54 клиенті кірді. Барлығының да шотында бағдарлама шартына сәйкес үй құнының 30%-на тең қаражат бар. Жетпейтін сома үшін ТҮҚЖБ жылдық мөлшерлемесі 5% болатын заем беруге әзір. Жалпы алғанда аймақ бойынша 34 млрд теңгеден жоғары сома қоры бар, 70 мыңнан астам салымшы банкте депозит ашқан.
Сапар барысында "Нұрлы жер" бағдарламасының тағы бір бағыты – тұрғын үй жинақ жүйесі арқылы несиелік үй салу бойынша бой көтерген 770 пәтерден тұратын 20 азқабатты үйлер де қаралды. Аталған нысандар бір шаршы метрі 120 мың теңгеден Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары арасында саудаға түседі. Бұл "Нұрлы жер" бағдарламасында қарастырылған бағадан да төмен.
Ақтөбе облысының пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі бойынша бірнеше жылдан бері көшбасшы болып келе жатқанын атай кету керек. Мемлекеттік бағдарламалардың кедергісіз жүзеге асуы және тұрғын үй кезегінің барынша жылдам азаюы үшін құрылыс салушылармен барлық мәселелерді нақтылап шешіп отыратын жергілікті билік те бұл жетістікке үлкен үлес қосып отыр.