Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек жалпы өңірлік өнімнің (ЖӨӨ) өсіп келе жатқанын мәлім етті. Оның айтуынша, аймақта өндіріс, инвестиция, ауыл шаруашылығы және құрылыс саласы қарқын алып, сауда-саттық пен көлік тасымалы кеміген.
"Елімізде карантиндік шектеулер қойылып, әлемдік нарықтағы ахуал қиындағанымен, Қарағанды облысында алғашқы жарты жылда жалпы өңірлік өнімнің оң динамиканы байқауға болады. Өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 7 айда өндіріс көлемі 3,4%-ға өсті. Негізінен бұл жүйе құраушы ірі кәсіпорындардың арқасында жүзеге асуда. Мысалы, "Қазақмыс" корпорациясының өндіріс ауқымы өсіп келе жатыр. Ал "АрселорМиттал Теміртау" кәсіпорнының металл өндірісі 1,4 млн тоннаны құрады. Бұл былтырғыдан 10%-ға артық. Алғашқы жарты жылға қатысты жалпы өңірлік өнімнің нақты статистикалық деректері қазан айында белгілі болады", – деді Жеңіс Қасымбек.
Облыс әкімінің сөзінше, өңір экономикасына құйылған инвестиция көлемі былтырғы жылғы деңгейде сақталып қалған.
"Инвестициялар туралы айтар болсақ, "Сарыарқа" газ құбырын тартуға байланысты өткен жыл ерекше болды. Жоба арқылы 200 млрд теңгеден астам қаражат келіп, инвестициялар 170%-ға өскен еді. Биыл ондай аса ірі көлемдегі жобалар жоқ. Дегенмен, қазір инвестиция тарту бойынша былтырғы деңгейде жақын келе жатырмыз. Бұл қарқынды сақтап қалу себебіміз, біріншіден өндіріске салынған инвестицияның 30 млрд теңгеге өсуімен байланысты болып отыр. Бұдан басқа, шағын және орта бизнеске, жол инфрақұрылымына құйылған қаржы да көбейді. Ауыл шаруашылығы жақсы дамып келеді. Яғни, орташа алғанда 103%-ға дейін өсті. Тұрғын үй құрылысы мен жалпы құрылыс саласы 10%-дан астам ұлғайды. Жылдың аяғына дейін тұрғын үй құрылысын 140%-ға дейін өсіреміз. Осындай жақсы қарқынымызды сақтап қалуымыз керек. Алайда сауда-саттықпен айналысатын кәсіпкерлерге пандемия орасан зор кері әсерін тигізді. Дегенмен соңғы 2-3 айда сауда-саттық қайта жанданып келеді. Сондай-ақ, көлік тасымалы да төмендеді. Қарағанды арқылы Қытайдан, Орталық Азиядан өте көп транзиттік көлік өтетін еді", – деп атап айтты ол.
Нұржан Көшкін