Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының қызметі түсіндірілді

719

ТҚЖБ базасында "Отбасы банкі" құрылмақшы.

Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының қызметі түсіндірілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 9 маусым күні тұрғын үй бағдарламаларының операторларын қысқарту жөніндегі заңға қол қойды. Заң биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енеді. 

Осы орайда, "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі" АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Омарқожаев Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторының қызметін түсіндірді. Оның айтуынша, "Бәйтерек" холдингінің үш еншілес ұйымы (Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін қоспағанда) Тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторына біріктіріледі. Сонымен қатар, "Даму" қорының құрылыс салушыларды субсидиялау функциясы да Бірыңғай операторға беріледі. Ал, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі халыққа жеңілдікпен тұрғын үй несиелерін беру функциясын жалғастыра береді.

Айта кетсек, "Бәйтерек" холдингінің құрамына "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ, "Қазақстан ипотекалық компаниясы" АҚ, "Бәйтерек девелопмент" АҚ, "Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры" АҚ. Сондай-ақ, "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры" АҚ тұрғын үй құрылысымен айналысатын кәсіпкерлердің кредиттеріне субсидиялар береді.

"Бірінші кезекте Бірыңғай оператордың құрамына "Бәйтерек девелопмент" АҚ мен "Қазақстан ипотекалық компаниясы" АҚ кіреді. Жыл соңына дейін "Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры" акционерлік қорын қосу процесі аяқталады. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Бірыңғай оператор құрылыс салушыларға субсидия берумен де айналысатын болады", – деп тоқталды Әнуар Омарқожаев.

Басқарма төрағасы орынбасарының сөзінше, Бірыңғай оператор бастапқы кезеңде әкімдіктерде кезекте тұрғандар мен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары үшін қолжетімді тұрғын үй құрылысын қаржыландыру, үлескерлік құрылыстың аяқталуына кепілдік беру жеке құрылыс салушылардың кредиттерін субсидиялау, меншікті инвестициялық жобаларын іске асыру және қаржылық қызметтің өзге де түрлерін көрсету функцияларын жүзеге асырмақ. 

"Бірыңғай операторды құру үшін республикалық бюджеттен немесе "Бәйтерек" холдингінен қосымша қаражат бөлу қажет емес. Қызметтің тұрғын үй бөлігін оңтайландыру әкімшілік шығыстарды кемінде 40%-дан астам қысқартуға мүмкіндік береді. Еншілес компаниялардың штат саны да азаяды, ал басқару аппараты 3 еседей қысқарады. Алайда, еліміздің әр өңірінде Бірыңғай оператордың өкілдері болады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биылғы жылдың соңына дейін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің базасында "Отбасы банкі" даму және қолдау институты құрылмақшы. Ол тұрғын үйді есепке алуды, кезекке қоюды және оны бөлуді бір орталықтан жүзеге асырады. Қолданыстағы кезекке тұру жүйесі әкімдіктерден "Отбасы банкіне" беріледі, ол үйі жоқ отбасыларға арналған "бір терезе" қағидаты бойынша жұмыс істейтін болады", – деді Әнуар Омарқожаев.

Осылайша, Бірыңғай оператор құрылысты қаржыландыру арқылы қолжетімді тұрғын үй ұсынуды қамтамасыз етеді. Ал "Отбасы банкі" жеңілдетілген тұрғын үй қарыздары арқылы жұмысы бар азаматтар тарапынан сұраныстың болуына жағдай жасайды.   

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу