Тұрғын үй құрылысының көлемі бойынша Қызылорда облысы төртінші орында тұр

1316

Тұрғын үй құрылысының көлемі бойынша Қызылорда облысы төртінші орында тұр

Биылғы алты айда Қызылорда облысында 268 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды, бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 64 пайызға  артық. Тұрғын үй құрылысының көлемі бойынша аймақ бүгінде Астана, Алматы қалалары және Маңғыстау облысынан кейін төртінші орында тұр. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев облыстық мәслихат сессиясында жасаған баяндамасында мәлім етті, деп хабарлады e-kyzylorda.gov.kz.

"Тұрғындардың өз күшімен салынған тұрғын үй көлемі де 74 пайызға өскендігін атап өткен жөн. Осыған қарап халықтың жалпы өмір сүру деңгейін пайымдауға болады.  Биыл  "Қызылорда-Жезқазған" трассасының бойынан тағы 150 гектар аумаққа егжей-тегжейлі жоспарланған жоба дайындалды. Бұл 1200 отбасына жеке тұрғын үй салуға мүмкіндік береді", - деп атап өтті әкім.

Тұрғындарға несиелік тұрғын үйді барынша қолжетімді ету үшін "Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ несиелерін беруде алғашқы жарнаны 30 пайыздан 15 пайызға дейін төмендету жөнінде мәселе қарастырылуда.

"Халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған бөлігінің мүдделерін қорғау мақсатында жаңа тұрғын үйлерге орналастыру уақытын созып отырмыз. Облыс әкімдігі  бұл мәселеде Үкімет тарапынан қолдау болады деп үміттенеді, өйткені, бұл жағдай өзге өңірлерге де тән. Дегенмен, аталған жағдай  "Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі" АҚ бақылауында қала береді", - деп атап өтті облыс әкімі.

Айта кету керек, мемлекет қаражатының есебінен ағымдағы жылдың басынан бері 980 пәтерлік 19 тұрғын үй пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 1809 пәтерлік 41 көппәтерлі үй, оның 11-і халықтың әлсіз қорғалған топтары үшін (арендалық) пайдалануға беріледі деп жоспарланған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу