Тұрғын үй сатып алу-сату мәмілелерінің саны былтырғыдан 2 есе азайды

2023 жылғы ақпан айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 24 118 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша 6 174 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша – 17 944 мәміле. 

Тұрғын үй сатып алу-сату мәмілелерінің саны былтырғыдан 2 есе азайды Фото: Abai.kz

Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.

"2023 жылдың қаңтарымен салыстырғанда (24 294) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 0,7%-ға азайды. Мәмілелер саны бойынша Алматы (4 231– 17,5%) және Астана (4 208– 17,4%) қалалары алғашқы орындарда. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 265 бірлік", – деп жазылған хабарламада.

2023 жылдың қаңтар айымен салыстырғанда ақпанда ең көп өсім Шығыс Қазақстан (26,1%), Ақмола (15,5%) және Жамбыл облыстарында (15,4%) тіркелді.

Мәмілелер саны бойынша көш басында тұрғанына қарамастан, бір айдағы ең үлкен төмендеу Алматы қаласында (-24,4%), сонымен қатар, Жетісу (-13,3%) және Ұлытау (-7%) облыстарында болды.

2023 жылдың қаңтарымен салыстырғанда көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелерінің саны 2,6%-ға (471 мәмілеге) азайған.

Ақпан айында пәтерлер бойынша барлығы 17 944 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 74,4%-ы.

Бөлмелер саны бойынша ақпанда 1 бөлмелі 6 935 пәтер ресімделді. Алып-сатудың негізгі үлесі Алматы және Астана қалаларына (55%) тиесілі.

2023 жылдың қаңтар айымен салыстырғанда жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны, керісінше, 5%-ға (295 мәмілеге) өсіп, 6 174-ті құрады. Сандық мәнде ең үлкен өсім Түркістан облысында (+88 мәміле), ең үлкен төмендеу Қарағанды облысында (-42 мәміле) байқалды.

"2023 жылдың ақпанында тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері алдыңғы жылдың тиісті айымен салыстырғанда шамамен 2 есе (48,2%-ға) азайған, ол кезде 46 577 мәміле ресімделген болатын. Төмендеудің ең үлкен көрсеткіші Қарағанды облысында (-69,3%) байқалды. Сонымен қатар, теріс көрсеткіш еліміздің барлық аймағында тіркелді. Биылғы қаңтар-ақпан айларындағы мәмілелер санының 2022 жылдың тиісті айларымен салыстырғанда да төмендеу динамикасы орын алған -39,4%", – деп жазылған хабарламада.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу