Тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 32,8% көбейді

129

Сәуір айында елімізде тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 36 839 мәміле тіркелген.   

Тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 32,8% көбейді Фото: Ұлттық статистика бюросы

Оның ішінде жеке үйлер бойынша – 8175 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 28 664 мәміле жасалды.

2025 жылдың наурызымен салыстырғанда (27 739) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 32,8% көбейді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.

Мәмілелер саны бойынша Астана (7 280 – 19,8%) және Алматы (7 020 – 19,1%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (2 862 – 7,8%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 454 мәміле (1,2%).

2025 жылдың наурызымен салыстырғанда сәуірде оң көрсеткіш еліміздің барлық өңірінде байқалды. Мәмілелер санының ең көп өсімі Жетісу (+54,9%), Ақмола (+42,8%) және Қызылорда (+41,9%) облыстарында тіркелді.

2025 жылдың наурызымен салыстырғанда, көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелер саны 31,2%-ға (6 822 мәмілеге) өсті. 2025 жылдың сәуір айында пәтерлер бойынша барлығы 28 664 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 77,8%.

Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Астана (24,9%), Алматы (22,2%) қалаларына және Қарағанды облысына (8,2%) тиесілі. Бөлмелер саны бойынша 1 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болды, 2025 жылдың сәуір айында олар бойынша 10 969 мәміле ресімделген.

2025 жылдың наурыз айымен салыстырғанда сәуірде жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны 38,6%-ға (2278 мәмілеге) артты. Сәуірде барлығы 8175 мәміле тіркелген. Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер санының ең көп өсімі Жетісу (+62,2%), Батыс Қазақстан (+58,2%) және Абай (+58%) облыстарында байқалды. Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер санының азаюы тіркелген жоқ.

Биыл тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері былтырғы жылдың тиісті айымен салыстырғанда 17,9%-ға көбейген, ол кезде 31248 мәміле ресімделген болатын. Мәмілелер санының ең жоғарғы өсімі Алматы қаласында (41,8%) байқалды, ең үлкен төмендеу – Түркістан облысында (-11%). 2025 жылдың қаңтар-сәуір айларындағы мәмілелер санын 2024 жылғы қаңтар-сәуір айларындағы мәмілелер санымен салыстырғандағы өсім – 3,9%.

Бір жылда (2025 жылғы сәуір 2024 жылғы сәуірге) жаңа тұрғын үйлерді сату – 8,3%, қайталама нарықта пәтерлерді қайта сату бағалары 6,4% өсті. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі 12,3% жоғарылады.

Өңірлер бөлінісінде жаңа тұрғын үй бағасы жылдық мәнде Павлодар – 21,4%, Талдықорған – 12,6%, Шымкент – 12,5%, Көкшетау қалаларында 12,4% едәуір қымбаттады. Қолданыстағы пәтер нарығында жоғары өсім Ақтөбе қаласы (14,6%), Атырау қаласы (14,4%), Павлодар қаласында (13,8%) байқалса, тұрғын үйді жалға алу нарығында – Астана (25,6%), Ақтөбе (22,1%), Семей (21,1%), Талдықорған (18,9%), Көкшетау қалаларында(17,3%) тіркелген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу