Тұрғындар Абыралы ауданын қайта құруды сұрап отыр

1396

Оның орталығы ретінде Қайнар ауылын бекітуді ұсынды.

Тұрғындар Абыралы ауданын қайта құруды сұрап отыр Фото: Данияр Өміржан

Абай облысындағы Абыралы өңірінің тұрғындары жаңадан аудан құрып орталығын Қайнар ауылы етіп белгілеуді талап етіп отыр. Өйткені ширек ғасыр бұрын тарап кеткен аудан құрамында болған ауылдар қаладан тым алыста қалып қойған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

300-350 шақырым қашықтағы елді мекендер қазір Семей қаласының әкімшілігіне бағынады. Алыс орналасса да "қала маңындағы ауылдар" санатында.

Орталыққа қашық болғандықтан көп тұрғындар көшіп, халық саны жыл өткен сайын азайып барады. Тіпті бірнеше ауыл мүлдем жабылып тынған. Енді өзгелері де тарап кетпес үшін, әкімшілік орталық халыққа ыңғайлы болуы тиіс- дейді абыралылықтар.

"Халқы саны-деген бір ұғым жасап алды. Біздің жоғарғы жақтағы адамдар ма? Аудан құрылса, халық болады ғой. Қазір бұрынғы ауданның орталығы болған Қайнар ауылында мекемелердің бәрі тұр. Полиция тұр, мектеп тұр. Прокуратура сынды салаға керек ғимараттардың бәрі сақталған. Жаңадан салудың қажеті жоқ. Басшыларда дұрыс көзқарас болса, аудан ашылады. Ашу керек!" – дейді Қайнар ауылының тұрғыны, Құдайберген Тұрысбеков.

Абыралы ауданы тарихында екі рет құрылып, қайта таратылған. Ондағы ауылдар бұрынғы Семей сынақ полигонының дәл іргесінде орналасқан. 40  жылдан астам атом сынақтарының зардап шеккен халық, енді жаңа аудан құрса, халық қайта көшіп келіп, өңірдің әлеуметтік ахуалы түзеледі-деп сенеді.

"Ауылға жастарымыз ақырындап-ақырындап келіп жатыр. Қазба байлықтарды өндіретін компаниялар көп. Кен өндіріп жатқан. Мал өсіруге жайлым жерлер жетіп тұр. Төрт түліктің саны артып келе жатыр. Қалада жұмыс таппай жүрген жастарымыз қайтып ауылдарына келгісі келеді. Шаруашылық ашып, ісін дөңгелеткілері келеді. Бірақ, Семей қаласына қарағандықтан жеңілдетілген несие ала алмайды. Жаңадан ауданды құрып жіберсе, өмір бойы атом сынақтарынан жапа шеккен халықтың еңсесі бір көтеріліп қалар еді"- дейді Қайнар ауылының тұрғыны, Мырзағали Молдағалиұлы.

Абыралы ауданын қайта құру керектігін айтып, өңір тұрғындары тиісті органдарға талай рет өтініш-тілектерін жеткізген. Нәтижесінде  Экономика министрлігі мен облыс басшыларынан тұратын арнайы топ  жұртшылықпен кездескен. Мамандар әзірге аудан құру бойынша есептеулер жүргізіп жатқан көрінеді. 

"Ұсыныстардың барлығын тыңдап, содан әрі қарай зерделеу жұмыстары жүргізілетін болады. Содан кейін бір шешім қабылданады. Халықтың санынан да қарау керек. Әр ауылдың өзінің даму әлеуеті де болуы керек. Соны да қараймыз зерделеп", - деді ҚР ҰҰЭМ өңірлік даму департаменті директорының орынбасары Нұрлан Мақсұтов

Бұрынғы Абыралы ауданның  аумағында қазір 6 ауыл қалған.  4 мыңнан астам халық тұрады. Бірақ, өңірде қымбат металл өніретін 4-5 кен орны жұмыс істейді. Еліміздегі ең ірі көмір кеніштерінің бірі "Қаражыра" да осында. Егер кәсіпорындардың салығын ауданды дамытуға бағыттап, жұмыс орындарын ашса, тұрғындар саны да күрт өспек. Жылдар бойы атом сынақтарының кесірін көрген абыралылықтар, осылайша ауданды қайта жаңғыртып, орталығын  Қайнар ауылы етіп құру, әлеумет үшін әділетті шешім болар еді деп отыр. 

Жалпы Абай облысы құрылғанда жаңадан Ақсуат ауданы пайда болған. Оған қоса қазір өңірде тағы бірнеше ауданды қайта қалпына келтіру қарастырылып жатыр.

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу