Тұрғындар ескірмеген, бүтін үйді бояуды вандализм деп есептейді

Жауаптылар Қызылорда қаласының сәулеті үшін осындай қадамға барғанын айтады.  Қасбеті боялып жатқан үйлер 2016 жылы ғана қолданысқа берілген. 

Тұрғындар ескірмеген, бүтін үйді бояуды вандализм деп есептейді Фото: Тұрғындардан

Шаһардағы Сұлтан Бейбарыс көшесінің тұрғындары үйлерінің сыртқы беті рұқсатсыз боялып жатқанына наразы, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

- Дәл осы тірлікке халық ашық наразылығын білдіреді. Кімді кім басынып жүр? Тегіс қызыл кірпіштен салынған тұрғын үйдің қасбетін көкке бояу керек деп кім шешті? Бұл әрекеттер – пәтер иелеріне, жалпы халыққа, қала тұрғындарына жасалып жатқан үлкен қастандық. Жаңа, сап-сау үйді бояп, бар сәулетін құртып жатыр. Халық қанша дауласа да, енді ол үйді қалыпқа келтіру мүмкін емес.

Біздің депутаттар қайда халықтың сөзін сөйлер? Прокуратура қайда азаматтардың құқығын қорғайтын? Кім халықты, елді мынадай бассыздықтан қорғайды? Бұл таза вандализм ғой, - дейді қала тұрғыны Сұлтан Сәбит. 

Жауаптылар жұмыстардың демеушілікпен жасалып жатқанын айтып отыр.

- Тұрғын үй қатынастары туралы Заңының 103-бабы, 2-тармағы, 8-тармақшасына сәйкес, жергілікті атқарушы органдары елді мекенге бірыңғай сәулеттік келбет беруге бағытталған, көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттерін ағымдағы немесе күрделі жөндеу жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыруды құқылы.

Осыған байланысты, қаланың кейбір көпқабатты үйлерінің қасбеттерін әрлеу бойынша демеушілік арқылы жұмыс жүріп жатыр, - деп хабарлады "Ашық Қызылорда" парақшасы.

С.Бейбарыс көшесі 7А үйінің тұрғыны Гүлмира Ибраева өз мүлкіне рұқсат сұрамай қол салғанын еш түсіне алар емес. 

- Мен осы үйде 2016 жылдан бері тұрып келемін. Өз мүлкіме менен сұрамастан қол салып, үйдің сыртын бояп бастағанына қан қысымым көтеріліп, қатты ауырдым. Әрине, осы кезде елде болып жатқан ахуалға байланысты біздің проблемамыз дымға тұрмайтын болып көріну мүмкін. Бірақ мен үшін және әрбір осы үйдің тұрғыны үшін бұл – өте күрделі мәселе. Осы мәселеге қатысты адамдардан сұрайтыным, дұрыс шешім қабылдау және адами қасиеттен жұрдай емес екенін көрсету, - дейді ол.

Сырдария шағын ауданының тұрғындары мәселе шешілмесе, БАҚ өкілдеріне, депутаттарға, қоғамдық кеңес мүшелеріне, полицияға ескертіп, ресми ереуілге шығуға бекініп отыр. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу