Тұрғындар газ бағасын негізсіз өсіргендерді сотқа бермекші

329

Атырау облысындағы Кудряшово ауылының тұрғындары коммуналдық шығын сомасына келіспей, шу шығарды.

Тұрғындар газ бағасын негізсіз өсіргендерді сотқа бермекші Фото: Inbusiness.kz

Ай сайын газға 5 мың ғана төлеп келген жұртты, жауапты мекеме 50 мыңға жуық ақша өтеуге міндеттеп отыр. Монополистер бұл қызметкерлердің қатесі екенін мойындайды. Сонда да есепті қайта жасауға қарсы. Халық компанияны сотқа бермек, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Кудряшов ауылының тұрғындары табиғи газ үшін ай сайын 3-5 мың теңге жұмсайтын. Соңғы бір айдағы коммуналдық төлем сомасын көргенде төбе шашы тік тұрған. Жауапты серіктестік қызметкерлері, тексеріске мүлдем бармағанымен қоймай, жұрттың мойнына 30-50 мың теңгені іле салған. Бұған аң-таң болғандар, ондай ақшаны беруге қарсылық танытып, шу шығарды.

"Қазір маған 18,500 теңге келіп тұр. Біздің көршіге 53 мыңнан келді. Тағы бір кісіге 32 мың келді дейді. Біз солай қате жазып жібердік дейді. Шамалап жазып жібердік деп отыр. Не болыпты, 2-3 бөліп төлеңдер дейді. Мен төлемеймін деп айттым", - дейді ауыл тұрғыны Алена Никитина.

2 мыңға жуық тұрғыны бар ауылда әкім мен мектеп директоры тұрақтамайды дейді жұрт. Газдан бөлек  проблема да шаш етектен.

"Халықтың сөзін еститін әкім керек. Мектеп басшысы керек, дәріхана керек, жол керек, су керек. Газды дұрыс атқару керек. Біз қаңырап қалдық. Жетім бала сияқтымыз. Ешқандай жұмыс жоқ. Жағдай жоқ мінекей", - дейді ауыл тұрғыны Сәуле Қизатова.

Наразы топпен кездесуге келген Газаймақ өкілдері қатенің өздерінен кеткенін мойындайды. Мұндай мәселе өзге ауылдарда да бар көрінеді. Бірақ не себепті серіктестік кемшілігіне көз жұмып, халықтың тапқан таянғанын беруі керек екенін түсіндіре алмады. 

"Ол жерде кінәнің бәрі контролерде. Контролер кезінде көрсеткішті дұрыс әкелмеген бізге. Осыған дейін ол дұрыс жұмыс істемегендіктен, өзінің жазасын алды. Енді көп шығып кеткен абоненттердің соммасы бар. Ол сомманы біз бөліп төлеу ретінде келісіп отырмыз", - дейді "РЦКУ-Атырау" серіктестігінің Құрманғазы ауданындағы қызметкері Тілекші Ибатулла.

Тұрғындардың проблемасына шенділер де бас қатырмаған.

"Әр тұрғын өзі жеке келісімшар жасады ғой мысалы газ жеткізу бойынша. Айттым, сіздердің өз құқықтарыңыз бар. Келісімшарт бойынша, келіспейтін болса, сот тәртібінде шешу керек бұл мәселені. Енді әрине бұл мәселе шешілгенше қадағалауда болады", - деді Құрманғазы ауданы ТҮКШ басқармасының бөлім басшысы Шынболат Шынтемірұлы.

Ауыл жұрты мәселені назарға алмаған әкімдер де кінәлі дейді. Енді жауапты мекеме есепті қайта жасап, соманы азайтпаса, кінәлілерді сотқа береміз деп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу