Ауылдағы ағайындарға құлақ түрсек, "Тараз-Алма" ЖШС-ның жұмысшылары 3 ай бұрын жарылғыш заттарды пайдаланып, Ш. Ниязбеков ауылдық округінен 3 шақырым жердегі тауды қиратып, құм, тас, әктас өндіруге кірісіпті. Тұрғындар жеке компанияның бұл ісі заңсыз екенін алға тартты.
Негізі "Тараз-Алма" серіктестігі Ш. Ниязбеков ауылындағы кіші Бурыл тауының баурайынан құм, тас және әктас өндіру жұмыстарын жүргізу үшін құжаттар рәсімдеп, арнайы рұқсат алмақшы. Алайда құжат әлі заңды күшіне енген жоқ. Ал компания кен өндіруді үш ай бұрын бастап кеткен.
Тұрғындар жеке компанияның бұл іс-әрекеттеріне қарсы болып отыр. Ауылдағы белсенді азаматтың бірі Нұржан Досымбеков "Тараз-Алма" ЖШС кен өндіру ісіне жарылғыш заттарды пайдаланып жатқандықтан, үйлердің қабырғалары жарылып, тіпті әйнектер шытынап сынып жатқанын айтты. "Ол аз болғандай, жайылым да тарылып барады", – дейді.
Ауыл тұрғындарының тілегі – заңсыз әрекетке барып, тау қопарып жатқан кәсіпкердің ісіне бір тоқтам болса дейді. Олар мұны Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісінің депутаты Нәзиллия Раззаққа да айтып, өз шағымдарын жеткізді.
Ардақ Үсейінова