Тұрғындар теректерді кесуге қарсы

494

Қаланы жасыл-желекке бөлеп, жаяу жүргіншіге көлеңке,  сая болған алып теректердің тек түбірі ғана қалған.

Тұрғындар теректерді кесуге қарсы Фото: Zakon.kz

Қостанайда 60-70 жылдық теректерді жаппай кесуге тұрғындар қарсы. Қаланың сәні мен мәніне айналған ағаштарды аяусыздықпен отап жатыр дейді. Жергілікті билік кәрі теректердің орынына Башқұртстанның қарағайын отырғызбақшы. Олардың бұл ісі құптарлық па? Шаһарды көгалдандыру үшін ағаштың қай түрі көбірек пайдалы?  

Қаланы жасыл-желекке бөлеп, жаяу жүргіншіге көлеңке,  сая болған алып теректердің тек түбірі ғана қалған. 50 жылдан аса шаң-тозаңды бойына сіңіріп, таза ауа бөлген ағаштардың бұл күйін көрген тұрғындар биліктің  ісіне наразы.

Көптің көзайымына айналған тіршілік иесін кесерде  қалалық әкімдік тұрғындармен ақылдаспаған. 

"60 жылда еккен, біздің ата-әжелеріміз еккен ағаштар ғой. Соларды алып тастап жатырмыз. Бұл ағаштарға 70 жыл болды. Бүгін ертең құлайтын ағаштар ғой. Айтып жатыр, қайың, рябина кесіп жатыр деп біз қозғаған жоқпыз. Тұр міне жол бойында", - дейді Қалалық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Қайыржан Бажиев.

Билік өкілдері теректердің орынына жаппай Башқұртстаннан әкелінген қарағайлар отырғызбақшы. Бұл елдің ағаштары жергілікті қылқанжапырақтымен салысытырғанда көрікті көрінеді. Бағасы қаншаға шығарын дөп басып айтпады. Ал, теректен келетін басты зиян  мамығы. Балалар от қойып ойнағанда талай рет өрт шыққан. Алайда, өткен ғасырда қаланы көгалдандыру үшін мамандар дәл осы теректерге басымдық берген екен.

"Қарағай мен теректі салыстыратын болсақ, әрине қаланы көгалдандыруда теректің пайдасы мол. Оның жапырағы көп, сондықтан ылғалды көбірек бөліп, шаң-тозаңды сіңіріп алады. Алайда, терек қарағайға қарағанда тез шіриді. Әрі, қылқан жапырақтылар қысы-жазы жасыл түске оранып, әсем көрінеді", - деді Биология ғылымдарының кандидаты Ольга Бородулина.

Ғалымдар кәрі ағаштарды жаппай кесуді құптап отыр. Өйткені, Қостанай орманды алқапта емес, жазық далада орналасқан. Ағаштар мұнда 100 жылдап өсе алмайды, тез шіриді деген уәж айтады.  Тек, бұрын ел тізгінін ұстаған басшылар қаладағы ауаның тазалығына көбірек көңіл бөлген. Сондықтан  тұрғындардың  денсаулығына пайдалысы - теректі таңдапты. Ал қазіргі атқамінерлер үшін ең бастысы әсемдік. Қысы-жазы біртүтсті қылқанжапырақтылар сәндік ағаштардың бірі саналады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу