Жыл басынан елордалық тәртіп сақшылары қылмыс үстінде 135 ұрыны қолға түсірді. Олардың 40-ы уақытша ұстау изоляторында. Полиция департаменті Жаңа жыл қарсаңында ұрлықтар саны арта түсетіндігін мәлімдеді. Мәселен, 22 желтоқсанда полиция қызметкерлері аялдамада сөмке ұрлаған жерінен 28 жастағы Қарағанды облысының тұрғынын ұстады, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты. .
"Қазіргі таңда сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктінің қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды. Оның осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде. Полиция департаменті күдіктінің әрекетінен зардап шеккен азаматтарды ведомствоға хабарласуды сұрайды", – делінген департаменттің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сондай-ақ ведомствода ұрылардың әрекетінен сақтану ережелерін еске салды.
"Сөмкеңізді азық-түлікке арналған арбаға салмауға, кезекте тұрғанда сөмкеңізді қолыңызға ұстап тұруға және әмиян мен құнды заттарды полиэтилен пакетке салмауға кеңес береміз. Қоғамдық көлікте мұқият болыңыз, сөмкеңіздің жабық болуын қадағалап, алдыңызға ұстап тұрыңыз. Құнды заттарыңызды киімнің ішкі қалталарында сақтаңыз", – деп ескертеді полиция.