Қарағанды облысындағы металлургиялық кремний өндірісі бойынша жобаны іске асыруға түріктің инвесторлары қатысады. Бұл туралы "Тау-Кен Самұрық" компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.
"Тау-Кен Самұрық" АҚ басқармасының төрағасы Қанат Құдайберген Nasdaq Dubai MarketSite алаңында Yilmaden Holding A.Ş трансұлттық компаниясының басшылығымен келіссөз жүргізді, онда мәміленің негізгі шарттары туралы келісімге қол қойылды.
Жобаға шетелдік инвестордың қатысуы Қазақстан компаниясына металлургиялық кремний өндірісі жөніндегі зауыттың ("Tau-Ken Temir" ЖШС) қуатын ұлғайтуға мүмкіндік бермек.
Yilmaden Holding A.Ş қомпаниясымен шарт шамамен 2019 жылдың екінші жартысында жасалады.
Айта кетсек, Yilmaden Holding A.Ş – әлемнің төрт құрлығындағы 50 елдің тау-кен, химия, электр-энергетикасы, сондай-ақ көлік саласында жұмыс істейтін ірі түрік холдингі.
Қазақстанда Yilmaden Holding A.Ş 2013 жылдан бастап жұмыс істейді. Компания Ақтөбе облысындағы хром концентраты өндірісіне қатысады.
Yilmaden Holding A.Ş басшылығының айтуынша холдингтің Қазақстанға $1 миллиардтан астам инвестиция жұмсауға ниеті бар.