Оңтүстіктің мақта шаруашылығы даму деңгейі әлемдік стандарттарға сай болуы керек. Осыны мақсат еткен кәсіп мамандары Түркия елінен келген инвесторлармен кездесті, деп хабарлайды otyrar.kz.
"Birlik Kimya San. Tic. Ltd" көпсалалы, әлемдік маңызға ие түркиялық компания мақта талшығын өңдеудің өнімділігін арттыруда тәжірбиесі мол. Дәл осы сала бойынша компанияның бір жылдық табысы 8 млрд еуродан асып жығылатын көрінеді.
Өткен маусымда күнгейде 133 мақта пункті жұмыс істеген. Қаңтар мен сәуір аралығындағы жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің табысы 7 млрд теңгеден астам болса, оның 6 млрд мақта, мата өнімдері құраған. Осылай деген ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Серік Тұрбеков түрік елінен келген инвесторларға облыстағы мақта, мата өндірісі туралы айтып берді.
Түрік инвесторларымен кездесуге мақта өңдеу қауымдастығының төрағасы мен мақта зерттеу ғылыми институтының директоры, сондай — ақ мақта шаруашылығын меңгерген бірқатар маман қатысты.
Түркиялық компанияның басқарма төрағасы Жанер Жейлани мақта өнімділігін арттыру бағытында ұсынатын қызметтер турасында баяндап берді. 1998 жылы ашылған компанияның мақта талшығын өңдеуден түсетін жылдық табысы 8 млрд еуродан асық. Органикалық нанотехнологиялық өнім шығару, суармалы егісті жетілдіру, ағын су, қалдық суды игеру, бу шығару технологиясы түрік компаниясы ұсына алатын қызметтердің бір парасы ғана деді түркиялық мейман.
"Компания 1998 жылы ашылған. Жиырма жылдық тарихымызда біз Американың, Еуропаның нарығын жаулап, дистрибьютерлік қызмет саласын ұлғайттық. Компанияның қызмет шеңбері ауқымды. Мақта талшығының өнімділігін арттыру басты мақсатымыз", - дейді түрік компаниясының басқарма төрағасы.