Туркістан облысында ірі мал бордақылау алаңы ашылады. Сыйымдылығы 100 мың бас қойға лайықталған нысан Бәйдібек ауданында бой көтереді, деп хабарлайды өңір әкімінің баспасөз қызметі.
Алаң құрылысы 2019 жылдың маусым айында басталады. Бұл жобаны инвестор – Salurbey Group түрік компаниясы қолға алып отыр. Нысанның құны 20 млн долларды құрайды. Бордақылау бекеті 2500 гектар жерге салынады деп жоспарлануда.
Компания өкілдерінің айтуынша, алаң аумағында малдың жүнін қайта өңдейтін және ет пен сүт, айран, йогурт, ірімшік шығаратын цех іске қосылады. Сонымен қатар, жоспарда 1500 гектарға жем-шөп өсіру қаралған.
Компания басшысы Ибрагим Айдын Салюрбейдің айтуынша, жоба аясында зертхана ашу көзделіп отыр. Онда мамандар ұсақ малдың түрлі қауіпті дерттерге шалдығу қаупін алдын алу үшін тиісті тексерулер жүргізіп отырады. Нысанды жүзеге асыру барысында 1200 адам тұрақты жұмысқа орналасады. Нысанның қуаттылығына қарай, алаңда "Еділбай", "Романовская" және "Меринос" тұқымдарының 100 000 басы бордақыланады.
Жоба жолға қойылса, өнімі ТМД және Түркия елдеріне экспортталады. Қазіргі таңда Salurbey Group компаниясы мен Түркия ауыл шаруашылығы министрлігінің арасында экспорт бойынша келісімшарт түзілген.