Компания басшысы Фарух Рзаевтың сөзінше, Қазақстандағы жобаға осы уақытқа дейін 60 млн АҚШ доллары инвестиция салынған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Негізінен, Алматы облысындағы зауыт жылына 1,5 млрд таблетка мен капсула өндіруге қауқарлы. Қазір кәсіпорында 360 адам жұмыс істейді. Компания кардиология, онкология, диабет, туберкулез және неврология бағытындағы әлеуметтік маңызы бар дәрілерді шығарады.
Бұл препараттар мемлекеттік медициналық бағдарламалар аясында халыққа беріледі және импорттық дәрілерді алмастыруға бағытталған. 2026 жылдың қаңтарында компания мен Қазақстан Үкіметі арасында 39 млрд теңгелік инвестициялық келісім жасалған.
Жоба аясында биофармацевтикалық өндіріс кеңейтіліп, жаңа өндірістік желілер іске қосылады. Сонымен қатар, онкогематология және аутоиммундық ауруларға арналған биопрепараттарды Қазақстанда шығару жоспарланып отыр. Компания технологияларды Түркиядағы AbdiBio өндірісінен көшіріп жатқанын мәлімдеді. Қазақстандық мамандар қазір Түркияда арнайы даярлықтан өтуде.
Инвесторлар алдағы жылдары Қазақстан фармацевтикалық нарығындағы үлесін 3 пайыздан 9 пайызға дейін ұлғайтуды көздеп отыр. Компания өнімдерін кейін Грузия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Ауғанстан нарығына экспорттау да жоспарда тұр.