Павлодарда облыс әкімдігінде өткен кеңейтілген аппараттық жиында Баянауыл ауданында туризм саласын дамытуға қатысты жоспарлар талқыланды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
"Былтыр Астанада өткен халықаралық форумда "AHISKALI EMLAK" түрік компаниясымен байланыс орнатылды. Компанияның өкілдері Баянауыл шипажай аймағына келіп кетіп, Сабындыкөлдің жағасын дамытуға инвестиция салуға ниет білдірді. Қазіргі таңда мекеме басшысы Шевкет Рашидті күтіп отырмыз және меморандумға қол қойылады", – дейді өңірлік кәсіпкерлік, сауда және туризм басқармасының басшысы Дастан Рыспеков.
Бұдан басқа, басқарма басшысы туристер үшін арқан саябағы, арқанмен түсуге болатын "Зип-лайн" аттракцион аймақтарын ашу көзделіп отырғанына тоқталып өтті.
"Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін кәсіпкерлердің арасында "БЖК-2020" бағдарламасы аясында өтініштерді қабылдауға қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Заманауи үлгідегі "Золотые пески" демалыс үйінің құрылысы 90 пайызға аяқталды. Қазіргі таңда ішкі жұмыстар қалды. 128 орындық нысанның бой көтеруіне былтыр 300 миллион теңге салынса, биыл 40 миллион инвестиция құю көзделіп отыр. Қысқы уақытта Баянауыл шипажай аймағында туристерді бес демалыс үйі қабылдай алады",– дейді Дастан Рыспеков.
Облыс әкімі Болат Бақауов басқарма басшысына су тарту мәселесі шешілгенге дейін қандай демалыс үйлері туристерді қабылдай алатындығына сараптама жасауды тапсырды.
"Бір ғана "Факел" мен екі шипажай жұмыс істеп тұр. Ақпараттық турлар және экскурсиямен шектеліп қалмау керек. Баянауыл көпшілікке танылған бренд. Бірінші кезекте тұрған автожол мәселесі шешімін тапты. Қарағанды және Павлодар облыстарын алғанда екі миллионнан астам адам бар. Бұл толық көлемде жұмыс істеу үшін жеткілікті. Жасыбайдан басқа, Торайғыр, Біржанкөл және Сабындыкөл аумағын дамытуға назар аудару керек", – дейді облыс әкімі.