Түрік сериалдарының танымал актерлері Астанаға келді

353

Астанада 26 қараша күні MEGA сауда ойын-сауық орталығындағы Chaplin кинотеатрында Қазақстандағы Түрік киносы күндерінің ресми ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Түрік сериалдарының танымал актерлері Астанаға келді Фото: Қазақстандағы Түркия елшілігі

Іс-шараны "Yerli Düşünce" ("Ұлттық таным") қауымдастығы Түркия Республикасының Мәдениет және туризм министрлігі Кинематография бас басқармасының және Түркияның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен ұйымдастырып отыр.

Мәдени шараның мақсаты – Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени байланыстарды нығайту, қазақстандық көрермендерді түрік кинематографиясының үздік туындыларымен таныстыру.

Бес күнге созылатын кино күндері аясында көрермендер халықаралық кинофестивальдерде жоғары бағаланған, "Оскар" сыйлығына ұсынылған және түрлі жанрдағы алты фильмді тамашалай алады.

Түрік актері Қазақстанмен бірлескен фильмге түсуге ниетті

Ашылу салтанатында қазақстандық көрерменге "Шұңқыр" ("Çukur"), "Қилы күндер" ("Karadayı") телехикаялары арқылы танымал түрік актері Рыза Коджаоглу Қазақстанмен бірлескен киножобаға қатысуға дайын екенін жеткізді.

"Мұнда келгенімізден бері өзімізді үйдегідей сезініп жүрміз. Ыстық ықылас көрсетіп жатырсыздар. Үлкен рахмет. Қазақстандық көрермен бізді әрі қарай да тамашалай берсін. Бұйырса, болашақта бірлесіп фильм түсірерміз. Егер осындай жоба қолға алынса, қуана-қуана қатысамын", – деді актер.

Ал "Yerli Düşünce" қауымдастығының төрағасы, Түркия парламентінің бұрынғы депутаты Метин Гүндогду кино өнерінің бауырлас халықтардың ортақ құндылықтарын әлемге танытудағы маңызына тоқталды.

"Екі бауырлас ел арасында осындай іс-шаралардың көбейгенін қалаймын. Бізді ортақ тарихымыз, тіліміз бен дініміз байланыстырады. Екі елдің тағдыры да ортақ. Сондықтан фильмдеріміз бен телехикаяларымыз Қазақстан мен Түркияны әлемге кеңінен танытуға мүмкіндік береді. Мұндай мәдени кездесулердің маңызы зор", – деді Метин Гүндогду.

Өз кезегінде Түркияның Мәдениет және туризм министрлігі Кинематография бас басқармасының басшысы Бирол Гүвен Ыстамбұлда өткен "Қорқыт ата" түркі әлемі кинофестивалінде қазақстандық кинематографистердің туындыларына жоғары баға берілгенін атап өтті.

Салтанатты шараға Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Кинематография басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аймахан Алтынбай, Түркияның Қазақстандағы елшісі Мустафа Капуджу, актерлер Илай Еркөк пен Сезгин Ердемир, режиссерлер Али Өзел, Угур Йаджыоглу, Айдын Сарман және сценарист Пынар Йаджыоглу қатысты.

Көрерменге "Оскар" сыйлығына ұсынылған фильм көрсетілді

Түрік киносы күндері "Diğerkam" ("Өзгенің игілігі үшін") қысқаметражды экологиялық фильмінің көрсетілімімен ашылды.

Режиссер Угур Йаджыоглу түсірген туындыда адам мен қоршаған орта арасындағы байланыс, келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілік мәселелері қозғалады. Фильмде басты рөлдерді Рыза Коджаоглу мен Илай Еркөк сомдайды.

Картинаны түсіру барысында экологиялық стандарттарға, қоршаған ортаға келетін зиянды азайтуға және пайдаланылған материалдарды қайта кәдеге жаратуға ерекше көңіл бөлінген.

Сондай-ақ ашылу күні 99-шы "Оскар" сыйлығының "Үздік халықаралық фильм" аталымына Түркия атынан ресми ұсынылған "Kesilmiş Bir Ağaç Gibi" ("Бұтақсыз қалған ағаштай") фильмі көрсетілді.

Түрік киносы күндерінің бағдарламасы:

- 27 қараша, сағат 18:00 – Босфор кинофестивалінде бірнеше марапатқа ие болған "Beklenti" ("Үміт") драмасы. Жас шектеуі – 18+.

- 28 қараша, сағат 20:00 – "Mutluyuz Mu?" ("Бақыттымыз ба?") комедиялық фильмі. Жас шектеуі – 6+.

- 29 қараша, сағат 16:00 – "Rafadan Tayfa: Kapadokya" ("Рафадан Тайфа: Каппадокия") анимациялық фильмі. Жас шектеуі жоқ.

- 30 қараша, сағат 18:00 – "Bak Postacı Geliyor" ("Қара, пошташы келе жатыр") романтикалық фильмі. Жас шектеуі – 6+.

Түрік киносы күндері 30 қарашаға дейін жалғасады. Барлық фильм қазақ тіліндегі субтитрлермен көрсетіледі.

Кино көрсетілімдеріне кіру – тегін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу