Түрікменстанда Каспий теңізінің жағасында жаңа халықаралық теңіз порты жұмысын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат "Туркменистан Сегодня" ақпарат көзіне сілтеме жасап.
Ақпарат көзінің хабарлауынша, порттың жалпы аумағы 1 миллион 358,5 мың шаршы метрді құрайды. Кемелердің айлаққа жақындауын қамтамасыз ету үшін 10 миллион кубометр топырақ қазылып, теңізді тереңдету жұмысы жүргізілген. Ені 20 метрлік айлақтың жалпы ұзындығы 3 мың 600 метрге жетеді. Бұл бірнеше кемені қабылдап, оларға қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Жаңа кешеннің құрамында паромға, жолаушыларға және контейнерлерге арналған терминалдар, сонымен бірге кеме құрау және кеме жөндеуге арналған зауыттар бар. Айлақты гидротехникалық құрылымдардың құрылысынан бөлек, мұнда жағалаудағы инфрақұрылымның көптеген нысандары, оның ішінде көліктік қызмет көрсету нысандары орналастырылған: жалпы ұзындығы 3,9 мың метрлік эстакадты автожолдар мен 30 мың метрге дейін баратын темір жол бар.
Техникалық тұрғыдан алғанда жаңа порт ең заманауи бағдарламалық-аппараттық кешендермен қамтылған. Порт аумағындағы кемелердің қозғалысын, тиеу-түсіру жұмыстарын барлық участоктарда автоматтандарылған жүйелердің және электронды технологиялардың көмегімен жүзеге асырады.
Айта кетерлігі, Каспий теңізінің экологиясын қорғау үшін әр терминалда биотазартқыш құрылғылар орнатылған. Жалпы, барлық жоба "Жасыл порт" (Green port) халықаралық стандарттарының талаптары бойынша жасалған. Теңізді тереңдету кезінде қазылған топырақ жалпы аумағы 170 гектарлық қолдан жасалған аралды салу үшін жұмылдырылған. Порт салудың дәл осындай амалын халықаралық бірлестіктер жоғары бағалап отыр. Аваздағы Конгресс-орталықта өткен халықаралық көліктік форумда Түрікменбашыға жаңа порт үшін сертификат табысталды.