"Турист болса – маршрут жоқ, маршрут болса – инфрақұрылым жоқ"

Депутат Қазақстандағы туризм саласының дамуын сынға алды.

"Турист болса – маршрут жоқ, маршрут болса – инфрақұрылым жоқ"

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев өзінің депутаттық сауалында Қазақстандағы туризм саласының дамуын сынға алды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Қазақстанның туризм индустриясының дамып, нақты экономикалық нәтиже көрсетуін күткенімізге бірнеше жыл өтті. Бірақ турист болса – маршрут жоқ, маршрут болса – инфрақұрылым жоқ, инфрақұрылым жасалғанымен – өнім жоқ дегендей түрлі жағдайлар туындайды. Дегенмен биыл бәрі ойдағыдай болады деп сендік. Бірақ кейін еліміздің барлық жауһарына жету мүмкін емес болып шықты. Шағымдардың басым бөлігі әуе қатынасына қатысты", – деді Елнұр Бейсенбаев ҚР Премьер-Министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында.

Депутаттың айтуынша, рейстердің ретсіздігі мен жеткіліксіздігі, әуежайдағы кептеліс, билеттердің қымбаттығы сынды олқылық жетіп артылады.

"Ұшақтар ұшпайды, пойыздар жүрмейді, көліктер қалады. Алайда, мұнда да жолдардың сапасына мониторинг жүргізу барысында республика өңірлерінде ұзындығы 4 мың шақырымнан асатын 166 бағыттағы жолдарды жөндеу және қайта жаңарту қажет екені анықталды", – деді Мәжіліс депутаты.

Мәжілісменнің айтуынша, 2022 жылдың 30 қыркүйегіндегі мәлімет бойынша бар болғаны 1 198 бала Kids go free бойынша тегін ұшқан. Ал қолдау шаралары аясында екі автобус сатып алынған.

"Бұл нақты қажеттілікке сай келмейтіні анық. Мұндай тәсіл қаражаттың тиімсіз жұмсалуына әкеліп соғады, рентабельді және болашағы зор саланың дамуына кедергі келтіреді", – деді депутат.

Осыған байланысты Мәжілістің келесі жалпы отырысында  Мәдениет және спорт министрлігі мен барлық мүдделі мемлекеттік органдардың ауызша жауабын тыңдау ұсынылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу