Туристер байланыс аясынан тыс қалады

811

Отандық туризмді инженерлік инфрақұрылымның тапшылығы, электр энергиясының жетіспеушілігі және мобильді интернеттің қолжетімсіздігі тұралатып тұр. 

Туристер байланыс аясынан тыс қалады

Сенатор Сұлтан Дүйсембинов жылдар бойы шешілмей келе жатқан мәселеге Үкімет басшысы Асқар Маминнің назарын аударуға тырысты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Туристік нысандарда ұялы байланыс операторларының станциялары болғанымен, олардың қуаты бүкіл Алакөл демалыс аймағын қамтымайды. Ұялы байланыс операторлары станцияларының ауқымын арттыру, туризм нысандары үшін жеңілдетілген бағамен жылдамдығы жоғары интернет желісін жүргізу жолын қарастыру қажет", – деді Сұлтан Дүйсембинов депутаттық сауалында. 

Оның айтуынша, Алматы облысындағы тау шаңғысы курорттарының сумен қамтылуы көңіл көншітпейді. 

"Тау шаңғысы курорттарының қажеттілігі үшін су ресурстарына гидрогеологиялық зерттеу жүргізуді ұсынамын. Мұндай жұмыс соңғы рет 1985 жылы жүргізілген", – деді депутат. 

Сұлтан Дүйсембиновтің сөзінше, Алакөл демалыс аймағының инженерлік инфрақұрылымы жақсармаса, туристердің ағынына кері әсер етеді. 

"Қолданыстағы электр желісіне түсетін ауыртпалық көп болғандықтан, кей жерлерде электр қуатының жетіспеушілігі байқалады. Бұл да өзекті мәселе", – деді депутат.  

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу