Әлемдегі саяхаттау және қызықты уақыт өткізу үшін ең үздік елдердің рейтингісінде Қазақстан биыл 73 елдің ішінде 70-орынға ие болды. US News & World Report басылымы бұл рейтингте Қазақстан тек Катар, Оман және Сауд Арабиясының ғана алдында тұрғанын жариялады. Өткен жылы еліміз осындай рейтингте 80 елдің ішінде 72-ші орынға ие болған еді.
Туристер мен саяхатшылар арасында елдің танымалдығы рейтингі 5 санатқа: көңіл көтеру және ойын-сауық, жылы шырайлық, жағымды климат, көркем табиғат және сексуалдыққа негізделген. Біздің елдің ең жақсы нәтижелері жылы шырай таныту (100-ден 10,7 балл) мен табиғатының әсемдігіне (100-ден 10,4 балл) байланысты болған, ал елдің климаты ең төменгі нәтиже көрсеткен (100-ден 1,4 балл).
Айта кетсек, карантин кезінде коронавирус пандемиясы мен сыртқы және ішкі шекаралардың жабылуы туристер санының азаюына әкеп соқты. Еnergyprom.kz мәліметінше, қонақ үйлер, мотельдер, кемпингтер, туристік лагерлер, демалыс үйлері, пансионаттар және басқа да орналастыру орындары мен көрсетілетін қызметтердің көлемі 2020 жылдың бірінші жартысында небәрі 28 млрд теңгені құраған.
Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,8 есе аз.
Орналасу санаты бойынша ең арзан 1 жұлдызды қонақүйлерге келушілер саны айтарлықтай төмендеген. Ал 3 жұлдызды қонақүйлерге келушілер саны 3,6 есеге азайып, барлығы 83,6 мың адамға жетті, ал 5 жұлдызды қонақүйлерге 2 есе аз қонақ келген (159,1 мың адам). 806,7 мың адам санаты жоқ қонақүйлерге орналасты.
Бұл – келушілердің бір жылда 39%-ға азайғанын білдіреді.