Туристерге Қазақстан мен Қырғызстан арасында саяхаттау жеңілдей түседі

Ол үшін арнайы маршруттар жасалмақ. 

Туристерге Қазақстан мен Қырғызстан арасында саяхаттау жеңілдей түседі Фото: НПП

Қазіргі кезде Қазақстан мен Қырғызстан көлік, туристік маршруттар мен қонақ үй бизнесін жақсартып, туризм саласын белсенді дамытып жатыр.

Туризмді дамыту мақсатында Қырғызстанда капиталы 1 млрд сомды құрайтын туризмді қолдау қоры құрылды. Бұл туралы Қырғыз Республикасының туризмді дамытуды қолдау қоры президентінің кеңесшісі Мақсат Усубалиев Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

"Біздің алға қойған мақсатымыз – Алматы мен Алматы облысының шекаралас аумақтарының тұрғындары біздің елге сапарын жеңілдету, елімізде турситердің еркін сезінуін қамтамасыз ету. Біз олардың Қырғызстан шекарасынан кедергісіз өтуі үшін жағдай жасап жатырмыз", – деді Мақсат Усубалиев.

Соның бірі – шекарадан Озерный асуы арқылы өту үшін ұсынылған үкіметаралық келісім.

"Өткен жылы біз Қырғызстан мен Қазақстан депутаттарының қатысуымен пилоттық жобаны іске қосып, тау арқылы жүру өткелін аштық. Бұл екі ел президентінің ауызша мәлімдемесінде болған болатын. Мұның бәрі Қазақстан басшысының біздің елге келуінің арқасы", – Мақсат Усубалиев.

Тау соқпақ жолдарын жаңғырту бастамасы "Kaz Alpine Club" АҚ және "КАТО" ААҚ (Қырғыз туроператорлар қауымдастығы) ұйымдарына тиесілі.

Еске салсақ, былтыр қазақстандық белсенділердің пилоттық топтары Озерный және Сарыбұлақ асулары арқылы өтті. Тау өткелі арқылы Ыстыққөлге сапар сәтті іске асты. Жоспар бойынша биыл туристерге арналған тау өткелдері ашылуы керек.

"Екі ел арасын байланыстырып тұрған таудағы өткелдер түрлі себеппен 2009 жылдан бері жабық тұрған. Қырғыз Республикасынан келген гидтердің жұмысына тыйым салынды, сондай-ақ Қазақстанға туристік көлік үшін шектеу қойылды. Содан бері көп уақыт өтті. Тау өткелін ашу  "Атамекен" ҰКП, бизнес-қоғамдастық, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, екі елдің мемлекеттік органдары мен Мәжіліс депутаттарының бірлескен жұмысының арқасында мүмкін болды", – деп еске салды ӨКП төрағасы Әуез Тәймбетов.

Спикердің айтуынша, тау туризмін, сондай-ақ саладағы басқа бағыттарды дамытуға биыл күш салынады. Саланың түйткілді мәселелерін шешу үшін өңірлік кәсіпкерлер палатасы жанынан Туризм жөніндегі салалық комитеті құрылды. Оған туризм саласында қызмет ететін кәсіпкерлер, Алматыда турагенттіктер, туроператорлар, одақтар мен қауымдастықтардың өкілдері мүше болды.

"Салалық кеңестердің міндеті – жергілікті атқарушы органдармен тиімді өзара іс-қимылды ұйымдастыру, өңіраралық және ведомствоаралық жұмысты үйлестіру, салалық сараптаманы шоғырландыру, бизнес құқығын қорғау және кәсіпкерлердің біліктілігін арттыру", – деп атап өтті Әуез Тәймбетов.

Кеңес жұмысы барысында көрші елмен туризм бағытындағы ынтымақтастықты арттыру, екі ел арасында шекарада туристер үшін жедел дәліздер ашу сынды шаралар қаралатын болады.

Ресми статистикаға сүйенсек, Қазақстан көрші ел – Қырғызстанның жетекші сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестерінің бірі. 2005 жылдан бастап Қазақстаннан Қырғызстанға тікелей инвестициялар көлемі 1,352 млрд доллар, Қырғызстаннан Қазақстанға – 97,1 млн долларды құрады. Қырғызстанның қатысуымен жұмыс істейтін заңды тұлғалар, филиалдар мен өкілдіктердің саны – 807 кәсіпорын, Қазақстанда бірлескен меншік нысандар саны – 233 кәсіпорын, Қырғызстанда – 373 кәсіпорын. Қырғызстан мен Қазақстан арасындағы тауар айналымының көлемі 2022 жылы 1,1 млрд долларды құрап, 2021 жылғы көрсеткіштен (1 млрд доллар) асып түсті. 

Есепті кезеңде Қырғызстаннан Қазақстанға экспорт 438 млн долларды құрап, 2021 жылы 382 млн долларға өсті. Сонымен қатар, өткен жылы Қазақстаннан Қырғызстанға импорт 749 млн долларды құрады, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен (661 млн доллар) артық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу