Ескерту бейнеролигінде Үлкен Алматы көлі жолында кейбір туристердің жолды қысқарту мақсатында құбыр үстімен жүретіні айтылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Назар аударыңыз! Бұл – қауіпті.
Үлкен Алматы көлі жолында кейбір туристер жолды қысқартпақ болып, құбырдың үстімен жүреді. Алайда, бұл – әсіресе қыс мезгілінде, өте қауіпті іс-әрекет.
Құбыр адамдардың жүруіне арналмаған. Беті тайғанақ, еңіс және кей жерлері зақымданған. Жанында қауіпсіз өтуге арналған баспалдақ пен туристік соқпақ бар, – делінген хабарламада.
Бейнежазбада саяхатшылардың құбырдан өтіп бара жатқан сәті және төтеншеліктердің оларға ескерту жасап жатқаны анық көрініс тапқан.
– Қалалық құтқару қызметінің мамандары бұл учаскені күнделікті бақылауда ұстайды.
Қысқы кезеңде тәулігіне 2-3 рет осындай құқықбұзушылықтар тіркеледі, ескертулерге қарамастан адамдар құбырға шығып жатады.Құтқару қызметі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады, – деп қатаң ескертті ТЖД құтқару қызметі.