Туристерге салық енгізіледі

Алматының туристік қоғамдастығы "bed tax" мөлшерлемесін әлі зерттеу керек деп есептейді. 

Туристерге салық енгізіледі Фото: google

"Атамекен" талдау қызметінің деректері бойынша, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап өңірлер "Шетелдіктер үшін туристік жарна төлеу қағидаларын бекіту туралы" ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 5 қарашадағы № 787 қаулысына сәйкес, саяхатшыға 5% мөлшерінде "bed tax" мөлшерлемесін бекітуді жоспарлап отыр.

Максималды мөлшерлемені қабылдау туралы шешім шетелдік туристер ағынының өсуіне негізделген. Бұл ретте, статистикалық деректер бойынша 2022 жылдың І жартысында туристердің қонақ үйлерге орналасу саны пандемияға дейінгі 2019 жылғы ұқсас кезеңге қарағанда 36,7% -ға төмен. Бұл шетелден келетіндерге негізделген туризм нарығы әлі қалпына келмегенін көрсетеді.

Айта кететіні, осы қаулының жобасын нарық қатысушылары егжей-тегжей талқыламаған. Кәсіпкерлер бұған әлі ерте деп санайды. Алматы қаласы кәсіпкерлерінің пікірінше, 5% мөлшерлемемен "bed tax" енгізу туристер ағынын азайтады.

"Өздеріңіз білетіндей, туризм саласы, оның ішінде туристерді орналастыру қызмет нарығы COVID-19-дан ең көп зардап шекті – шекаралардың жабылуы, әуе қатынасының тоқтатылуы, турлар мен брондаудың жаппай жойылуы, бос тұрған кезде ғимараттар мен қызметкерлерді күтіп-ұстау қаражаты есебінен жабу салаларға айтарлықтай қаржылық залал келтірді", – деді Қазақстандық қонақ үйлер мен мейрамханалар қауымдастығының президенті Рашида Шайкенова.

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының деректері бойынша, 2022 жылғы қаңтар-маусымда Қазақстан Республикасы бойынша туристердің демалыс орындарына орналасу көрсеткіштері бұрынғыдай төмен деңгейде –28,2%. Астана қаласында – 31,5%, қызмет көрсетілген келушілер саны – 2 971 696 адам, соның ішінде 291 984 адам резидент емес, бұл туристердің жалпы санынан резидент еместер 9,82%-ды құрайды.

"Шетелдіктер үшін туристік жарна төлеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 5 қарашадағы № 787 қаулысымен Астана қаласында шетелдіктер үшін туристік жарна мөлшерлемесін қонақ үйде орналасу құнының 5%-ы мөлшерінде бекітті.

 "Қонақүйлер маркетинг құралы ретінде тұру құнымен жұмыс істейді, маусымына байланысты бағаны төмендетіп, көтереді. Сондықтан, бұл мөлшерлеме тұруға арналған қызмет құнына және статистикалық деректерге байланыстыру – салық сомасына үнемі әсер етіп, түсінбеушілік тудырады. Оның үстіне бұл жұмысшылар санын көбейту қажеттілігіне әкеледі", – дейді Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов.

"Bed tax" арқылы жиналған қаражат туризм инфрақұрылымын дамытуға және өңірлердегі бағыттарды ілгерілетуге жұмсалады деп болжанған болатын. Алайда, бұл ереже қаулының соңғы редакциясынан, сондай-ақ 2023 жылға нөлдік мөлшерлеме енгізу туралы ұсыныстан кейін алынып тасталды.

Алматы туристік нарығы салық мақсаты ашық болуы керек деп есептейді. Ол үшін мынадай механизмдерді әзірлеу қажет:

- туристік салықты алудың қарапайым, түсінікті тәсілі;

- туристік салықтың қаражаты қандай мақсаттарға бағытталуын бақылау;

- туристік алымның қаржылық ресурстарын тек туризмді дамытуға бағыттау қажеттігін және туристік нарыққа қатысушылардың Қазақстанды туристік бағыт ретінде жарнамалауға және насихаттауға жұмсайтын шығындарын жабуды қамтамасыз ету.

Еске салсақ, Алматы қаласының кәсіпкерлер палатасы жанынан Туризм саласындағы комитет жұмыс істейді. Оның мақсаты – қаладағы саланың дамуына ықпал ету. Бұдан басқа алаңда салалық даму бағдарламалары, инвестициялық жобалар, әдіснама, өңіраралық және салааралық ынтымақтастық мәселелері талқыланады.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу