Әлихан Смайылов Үкімет Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес экономиканы әртараптандыру мәселесінде елдің туристік әлеуетін дамытуға барынша көңіл бөлуі тиіс екенін атап өтті.
"Бізге туризм саласында жаңа серпінді жобалар қажет. Соңғы 3 жылда салаға 4 млрд доллар көлемінде инвестиция тартылды. 400-ден астам нысан салынып, 7 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны құрылды", — деді Смайылов.
Жалпы 80 елдің азаматы Қазақстанда визасыз жүріп-тұра алады. 109 мемлекеттен келетін шетелдіктер үшін электрондық виза алу мүмкіндігі бар. Халықаралық әуе қатынасының географиясы да кеңейіп келеді.
"Бүгінгі таңда Қазақстанда басым туристік аумақтар айқындалды. Онда "зәкірлік" жобалар іске асырылатын болады. Бұдан бөлек, еліміздегі туристік саланың үлкен әлеуетін ескере отырып, аталған жұмысқа әрбір өңір тартылуы тиіс деп санаймын", — деп атап өтті Премьер-Министр.
Оның айтуынша, бұл ретте, туристік нысандарды жыл бойы пайдалану тұжырымдамасын кеңейту және құру қажет. Үкімет басшысы жұмысты жүйелі деңгейде құру маңызды екенін атап өтті. Нәтижесінде бұл Дүниежүзілік экономикалық форумның Саяхат пен туризмді дамытудың жаһандық индексінде Қазақстанның рейтингін арттыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар ол саланың тиімді дамуына бірқатар факторлар кедергі келтіретінін айтты. Олар – инфрақұрылымның жетіспеуі, шектеулі жатын орындары, логистика мен көрсетілетін қызметтер сапасының төмен деңгейі.
"Туристердің шағымдары мен ұсыныстарына бірден назар аудару керек. Мысалы, биыл туристер Алакөл курорттық аймағында электр энергиясының жиі өшіп қалатынына шағымданды. Туристер санын арттыру үшін инфрақұрылымды белсенді дамыту қажет. Аталған мәселелерді шешу әрбір әкімнің міндеті болуға тиіс", — деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министрдің пікірінше, бүгінде еліміздің бүкіл туристік әлеуетін пайдалану өзекті күйінде қалып отыр. Атап айтқанда, Баянауыл курорттық аймағында туризмді дамыту тек Жасыбай көлімен шектелген. Өңірдегі басқа да көлдердің, таулар мен мәдени ескерткіштердің мүмкіндіктері назардан тыс қалған.
"Өткен жазғы маусымда Ассы үстірті мен Қапшағай аймағына турларды ұйымдастыру кезінде қызметтердің сапасына көптеген шағымдар түсті. Такси, тамақтану және қонақ үй қызметтері бағаларының шарықтап кетуіне қатысты шағымдар жиі айтылады. Мұндай орынсыз жағдайлар елдің туристік тартымдылығын төмендетеді", — деді ол.
Әлихан Смайылов атап өткендей, қонақ үйлерді классификациялау жүйесін реформалау және стандарттарды халықаралық деңгейге дейін көтеру жұмыстарын бастау қажет. Осыған байланысты Туризм және спорт министрлігіне Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, туризм саласындағы объектілер мен көрсетілетін қызметтерге әлемдік стандарттарға сәйкестігі тұрғысынан тексеру жүргізу жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды.
Премьер-Министр сондай-ақ ТОП-20 туристік аумақтарды дамыту жөніндегі жол карталарын бекіту қажеттігін айтты.
"Жергілікті тарихи ескерткіштер, көркем табиғи пейзаждар мен халқымыздың басқа да игіліктері түгелдей туристік өнімдерге дұрыс интеграциялануы қажет", — деді ол.
Сонымен қатар, Үкімет басшысы мәдени, агро және экотуризмді дамыту бойынша нақты тәсілдерді әзірлеуді тапсырды.
Қорытындылай келе, Әлихан Смайылов туристік нысандарды қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, туристердің қауіпсіздігін арттыруға бағытталған шараларды қабылдау, Қазақстанның шетелдегі туристік әлеуеті туралы белсенді ақпараттық науқан жүргізуді қамтамасыз ету, сондай-ақ туризм саласын цифрландыру және қызмет көрсету сапасын арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту қажеттігін атап өтті.
"Бұл ретте, шетелдік туристің ел аумағына келгеннен бастап, кетуіне дейінгі барлық кезеңін цифрландырудың және оңайлатудың толық циклін, сондай-ақ ішкі туризмге арналған қызметтердің барлық спектрін қамту маңызды", — деп түйіндеді сөзін Үкімет басшысы.