Туризм және спорт министрлігі спортты дамыту бойынша заң жобасын әзірледі

195

 Қазақстанда қазірдің өзінде 180-нен астам спорт түрі дамуда. 

Туризм және спорт министрлігі спортты дамыту бойынша заң жобасын әзірледі  Фото: ult.kz

Туризм және спорт министрлігі "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық (шамадан тыс) заңнамалық регламенттелуін болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын әзірледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Заң жобасын әзірлеу барысында бірнеше маңызды мәселелер мен нақты статистикалық деректер негізге алынды. Қазақстанда қазірдің өзінде 180-нен астам спорт түрі дамуда. Алайда жыл сайын тек 13 жазғы және 5 қысқы Олимпиадалық спорт түрінен ғана медаль жеңіп алынады. 2018 жылы еліміздің спортшылары 370 медаль жеңіп алса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 105 медальға дейін төмендеген. Бұл жағдай спортшыларды даярлау жүйесіндегі бастапқы кезеңдер мен жоғары жетістіктер спортына дейінгі аралықтағы жетіспеушіліктердің нәтижесі деп бағаланады.  

Сондай-ақ, жыл сайын Балалар-жасөспірімдер спорт мектептері мен мектеп-интернаттардың шығындары өсіп келеді, оның ішінде олимпиадалық емес спорт түрлеріне жұмсалатын қаражат көлемі үлкен үлесті құрайды. 2018-2020 жылдары спорттың барлық түрлерін дамытуға 646 миллиард теңге бөлінген, бірақ оның 72 пайызы еліміз үшін басымдығы жоқ спорт түрлеріне жұмсалған.  

Жағдайды жақсарту үшін Туризм және спорт министрлігі халықаралық тәжірибені зерттеді. Өзбекстан, Беларусь, Ұлыбритания, Германия және Норвегия елдерінің тәжірибесі заң жобасының негізіне алынды. Заң жобасы аясында жоғары жетістіктер спортына жататын спорт түрлерін нақты шектеу ұсынылады.  

Жаңа жүйе бойынша, тек Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпия, Азия және Пара Азия ойындары бағдарламасына кіретін спорт түрлері, сондай-ақ ұлттық спорт түрлері жоғары жетістіктер спорт түрлері ретінде қабылданады. Олардың ішінде медаль алған спорт түрлері басым спорт түрлеріне қосылып, республикалық және жергілікті деңгейде бірінші кезекте қаржыландырылады. Бұл шаралар еліміздің спорт саласын тиімді басқаруға және шектеулі ресурстарды мақсатты түрде пайдалануға мүмкіндік береді.  

"Аталмыш өзгерістерді енгізу арқылы біз елімізде спортты дамытуға жаңа серпін беруді көздеп отырмыз. Қаржыландыруды нақты бағытта және нәтижелі спорт түрлеріне шоғырландыру арқылы Қазақстанның әлемдік аренада озық жетістіктерге жетуін қамтамасыз етеміз", – деп атап өтті Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов.

Заң жобасының қабылдануы еліміздің спорттық жүйесін оңтайландырып, жоғары жетістіктерге жету үшін дұрыс қаржылық стратегияны қалыптастыруға жол ашады.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу