Түркі елдеріне енді жеке куәлікпен саяхаттау мүмкін болмақ

391

Бұл туралы Анадолы агенттігі мәлім етті.

Түркі елдеріне енді жеке куәлікпен саяхаттау мүмкін болмақ Фото: Ақорда

Түркия Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің халқына өзара саяхатта төлқұжаттың орнына тек жеке куәлікпен ғана жүріп-тұруға мүмкіндік беретін жобаны іске асыру қадамдарын жалғастыруда, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Түркия астанасында Анкара қаласының "2026 жылғы Түркі әлемінің туристік астанасы" болып жариялануына орай Техникалық қолдау бағдарламасына қол қою шарасы өтті.

Оның барысында Түркі әлеміндегі интеграцияны жаңа деңгейге көтеретін маңызды бастамалар таныстырылды.

Түркияның Әділеттілік және даму партиясы төрағасының орынбасары – Түркі мемлекеттерімен байланыс басқармасының төрағасы Күршад Зорлудың айтуынша, түркі мемлекеттерінен Түркияға туристер ағыны 3,5 миллионға жуықтайды. Өз кезегінде Түркиядан саяхаттап баратын халық саны 1 миллионнан сәл асып жығылады.

"Біз бұл көрсеткіштерді арттыруымыз қажет. Өйткені туризм – тек экономикалық мәселе емес. Ашылған бағыттар мен сол жолдар бойындағы мәдени көпірлер арқылы 300 миллионға жуық халқы бар тұтас түркі дүниесін, әсіресе жастардың, тарихымызды және бай мұрамызды танып-білгенін қалаймыз", – деді ол.

Айта кетейік, Түркі мемлекеттері халқына өзара сапарда жеке куәлікпен ғана жүріп-тұруға мүмкіндік беретін – Turkic ID жобасы жөнінде алғаш рет 2026 жылғы 15 мамырда Түркістанда өткен ТМҰ-на мүше елдер басшыларының бейресми саммитінде айтылған болатын. Жеке куәлікпен саяхаттау тәжірибесі бүгінде Қазақстан мен Қырғызстан, Қырғызстан мен Өзбекстан, Түркия мен Әзербайжан арасында тек екіжақты форматта қолданылып отыр.

Күршад Зорлу атап өткендей, "ID-карта" (жеке куәлік) бастамасы толық жүзеге асқан жағдайда түркі елдерінің азаматтары Түркияға төлқұжатсыз кіре алатын болады және қазір бұл бағытта қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мақсат – туризмді дамыту, экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және гуманитарлық байланыстарды нығайту.

Сондай-ақ, Түркия Түркі әлемінің бірыңғай музей картасын әзірлеу жұмыстарын да аяқтады.

Осы және өзге де интеграция мәселелері биылғы 29 қазан күні Анкарада өтетін Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер басшыларының саммитінде талқыланады деп күтіледі.

Кейін, қараша айында Анталияда өткізу жоспарланған Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ-ның негіздемелік конвенциясы тараптарының 31-конференциясы (COP31) аясында да түркі мемлекеттерінің арнайы отырысын ұйымдастырып, онда бірлескен экологиялық және өзге де өңірлік жобаларды талқылау көзделген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу