Фестивальдің екінші күні ұйымдастырылған дөңгелек үстелге қазақ мультипликациясының өкілдері мен бауырлас түркі елдердің белгілі режиссер-аниматорлары қатысты.
Қатысушылардың ойы бір жерден шығып, келешекте түркі дүниесінің аниматорларын біріктіру керек дегенге бірауыздан тоқтады.
Түркітілдес елдердің арасындағы анимация фильмдер өндірісіне қатысты мамандар мен компанияларды біріктіретін орталық ұйымдастыру мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқанын айтқан Ұлттық киноны қолдау орталығының бас продюсері Адай Әбілдә бұл ұсынысты орынды деп есептейтінін мәлімдеді.
"Түркі елдерінің анимация мамандарын біріктіріп, сол жұмысты жүйелесек, ауқымды аудиторияны қамтуға мүмкіндік туады. Осы бағытта жұмыс істеуіміз керек. Қызығушылық бар, алайда әрекет жоқ. Түркітілдес мемлекеттердің арасында көпір болатын ұйым құруымыз керек", – деді А. Әбілдә.
Түркиядан арнайы келген анимация продюсері және режиссер Мусаб Гүндүз түркі халықтары өз арасында ниеттес, пікірлес, жанашыр болуы маңызды екенін баса айтып, ортақ ұйым құруды қолдайтынын жеткізді.
"Түркияда 85 миллионға жуық халық бар десек, оның 20 миллионы – біздің негізгі аудитория, яғни балалар. Біз кеше фестивальде қазақ көрерменіне ұсынған "Istanbul Muhafizlary" фильмін Түркияда 10 миллион бала тамашалап, жоғары рейтингке қол жеткізді. Бұл – біз үшін үлкен жетістік, ол сондай-ақ бізді алға жетелеп, ынталандырып отырады. Ал түркітілдес елдердің аудиториясы бұдан да үлкен, шамамен 200 миллионнан астам адам. Анимация қымбат жанр, көп қаржыны қажет етеді. Ал осы түркі елдер аудиториясы біз үшін үлкен нарық болмақ. Түркі елдеріне ортақ бірлестік құруды біз де қолдаймыз", – деді түрік анимация продюсері.
Бұдан бөлек, сарапшылар анимацияға қатысты қаржы тарту, құқықтық реттеу, аудиторияның талғамы мен талабына сай болу, жас дарындарды оқыту, техникалық жабдықтау секілді кезек күттірмейтін өзекті мәселелерді атап өтті.