Түркі мемлекеттері ортақ картографиялық база әзірлеуге келісті

212

​Астанада Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің картография саласындағы мекеме басшылары бас қосып, геодезия, картография және геоақпараттық технологиялар бағытындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.  

Түркі мемлекеттері ортақ картографиялық база әзірлеуге келісті Фото: gov.kz

Кездесу қорытындысында тараптар ынтымақтастықты күшейту туралы декларацияға қол қойды. Бұл туралы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі хабарлады.

Жиынға ТМҰ елдерінің картография саласына жауапты мемлекеттік мекемелерінің басшылары мен өкілдері, сондай-ақ ұйым Бас хатшысының орынбасары Нуру Гулиев қатысты.

Тараптар атқарылған жұмыстарды саралап, алдағы кезеңге арналған бірлескен жобаларды талқылады. Соның ішінде географиялық атаулардың бірыңғай каталогын әзірлеу және түркі мемлекеттерінің аумақтарын қамтитын ортақ картографиялық базалық карта жасау мәселелері қаралды.

ТМҰ Картография жөніндегі жұмыс тобының қызметі де назарға алынды. Қатысушылар оның техникалық және сараптамалық деңгейдегі жұмысын жалғастырып, ортақ бастамаларды жүзеге асыру қажет екенін атап өтті.

Ортақ картографиялық базалық карта жобасын жұмыс тобы пысықтап, келесі отырыста ұсынатын болды. Жоба түркі мемлекеттерінің аумақтары туралы кеңістіктік деректерді бірыңғай ақпараттық негізде көрсетуге мүмкіндік береді.

Бұдан бөлек, тараптар геодезия, қашықтан зондтау, картография және кеңістіктік деректер салаларындағы цифрлық шешімдер мен тәжірибе алмасу қажеттігін атап өтті. Жинақталған тәжірибені бірлескен жобаларға пайдалану жоспарланып отыр.

Картография саласындағы ынтымақтастықты үйлестіру үшін ТМҰ Хатшылығы құрамында арнайы бөлімше құру мүмкіндігі де ұсынылды.

Кездесу соңында ынтымақтастық, технология алмасу және бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі уағдаластықтар қамтылған декларацияға қол қойылды.

ТМҰ елдерінің картография саласындағы мекеме басшыларының келесі кездесуі 2027 жылы Қырғызстанда өтеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу