Түркі мемлекеттері ұйымының халықаралық рөлі артып келеді - Тоқаев

849

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымы саммитінің отырысында сөйлеген сөзінде ұйымның халықаралық рөлі артқанын айтты, деп жазады inbusiness.kz.      

Түркі мемлекеттері ұйымының халықаралық рөлі артып келеді - Тоқаев Фото: akorda.kz

Мемлекет басшысының айтуынша, ұйымның осы кезекті басқосуы аса маңызды.

"Ең алдымен, осы іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырып, зор қонақжайлық көрсетіп, жылы қарсы алған Өзбекстан Президенті, қадірменді Шавкат Миромонович Мирзиёевке ерекше алғыс айтамын. Жиынымыз Түркі әлемінің мақтанышы – көне Самарқанд шаһарында өтіп жатыр. Бұл қала тарихи тамыры терең өркениет ошағы ретінде бүкіл әлемге танымал. Самарқанд қаласы Жібек жолының алтын көпірі екенін барша түркі халықтары мойындаған. Осы киелі жерде Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық ету құқығы Өзбекстан Республикасына беріледі. Өзбек бауырларымыз бұл міндетті абыроймен атқарады деп сенемін", - деді ол.

Президент өз сөзінде Түркі мемлекеттері ұйымының халықаралық рөлі артып отырғанын атап өтті. 

"Біз Түркі әлемінің атажұрты ретінде өздеріңізбен жан-жақты қарым-қатынасты дамытуға айрықша мән береміз. Сондықтан, ықпалдастығымызды одан әрі нығайтуға және оны жаңа белеске көтеруге мүдделіміз. Түркі ынтымақтастығына ұйытқы болған ұйымдардың тарихын зерделесек, олардың көпшілігіне Қазақстан бастамашы болғанын көреміз. ТҮРКСОЙ, ТүркПА және Түркі Академиясы – соның айқын дәлелі. Бұл ұйымдар бауырлас елдердің мәдени-рухани жақындасуына өлшеусіз үлес қосып отыр", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркі мемлекеттері ұйымының саммитіне қатысатынын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу