Түркі тілдес халықтар туралы түсірілген деректі фильмдердің көрсетілімі өтті

1076

Түркі тілдес халықтар туралы түсірілген деректі фильмдердің көрсетілімі өтті

Алматыда "Қазақстанның түркі тілдес халықтары" циклы бойынша түсірілген деректі фильмдердің көрсетілімі өтті, деп хабарлайды киностудияның баспасөз қызметі.

Деректі фильмдердің циклы Қазақстанда тұратын түркі халықтары туралы баяндайды. Әр фильмде бір ұлттың өкілін басты кейіпкер етіп көрсету арқылы сол ұлттың өзіндік ерекшеліктері мен салт-дәстүрі суреттелген. Барлық фильмдерді қоюшы режиссерлер, сонымен қатар шығармашылық топтың өкілдері таныстырды. 

Көрсетілім "Түстің дәмі" атты деректі фильммен ашылды. Деректі туынды Венера Важитова есімді жас суретші және киім дизайнері туралы баяндайды. Көрсетілімнен кейін фильмнің режиссері Камилла Әбделдінова көрермендерге түсіру тобын таныстырып, оларға алғысын айты.

Ал "Жіп" атты деректі фильм татар ұлтына арналған. Татар ұлттық  киімдерін тігумен айналысатын Вадига Галимбаева есімді кейіпкер Қазан қаласына барып, өз ұлтының тарихы мен мәдениетімен жақын танысады. Көрсетілімнен кейін фильмнің режиссері Надира Садуова шығармашылық топқа, сонымен қатар, қолдау білдіріп, фильмді шығаруда атсалысқан өзінің ұстазы Әсия Байғожинағы алғыс білдірді.

 "Чуваш халқы. Қазақстан – менің екінші отаным" деректі фильмін жас режиссер Динара Манабаева таныстырды.  Фильмде Павлодар облысы чуваш халқының қоғамдық-мәдени орталығының өкілі Мария Симулинаның өмірі баяндалады. Жолдасымен бірге Қазақстанға кездейсоқ келген ол, осы жерде қалып, өсіп-өнеді.

Мария түркі тілдес халықтарының ең аз, тіпті жоғалып кету қаупінде тұрған этностардың бірі – чуваш хылқының өкілі. Соған қарамастан, Мария өзі сынды құрбыларымен бірге чуваш хылқының мәдениеті мен тілін сақтауда еңбек етіп жүр. Кейіпкердің өз қолымен жасаған чуваш халқының ұлттық бас киімі немесе туған ауылын бейнелеген кестесі арқылы оның туған жеріне деген сағынышын бірден байқауға болады.

Кеш соңында жақында ғана Алматыда өткен "Бастау" халықаралық кинофестивалінде Ораз Әбішев атындағы "Үздік деректі фильм" жүлдесімен марапатталған "Ата кәсіп" фильмі көрсетілді.  

Деректі фильм Оңтүстік Қазақстан облысында тұратын өзбек халқының өкілі, ата кәсіп – бесік жасаумен айналысатын қырық жеті жасар Абдиманноп Зупаров есімді шебердің өмірін баяндайды. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу