Түркіменстан шекарада қауіпсіздік шараларын күшейтті. Көрші ел билігі шетелдік азаматтар үшін елге келудің жеңілдетілген ережесін уақытша тоқтатты, деп хабарлайды Tumba.kz.
"Маңғыстау облысында тұрақты мекендейтін біздің елдің азаматтары Түркіменстан аумағына бес тәулікке дейін визасыз кіріп-шыға алады. Қазақстан азаматтарының тұрғылықты орны жеке куәлігінде көрсетілген дерек негізінде белгіленеді. Қазақстанмен визасыз режимнің қанша уақытқа тоқтатылғаны әзірше белгісіз. Қазіргі таңда Түркіменстан тарапынан ресми мәлімдеме жасалған жоқ", – деп мәлім етті Маңғыстау облыстық мемлекеттік кіріс департаментінің бас маманы Мақсат Ақмұратов.
Түркіменстан заңы бойынша, қазақстандықтар осы ел аумағында 5 күннен артық аялдауды қалайтын болса онда виза алуға тиіс. Жеңілдетілген ережені пайдаланатын ҚР азаматтары Түркіменстан аумағына өткізу пунктері арқылы кіріп-шыға алады.
Қазіргі таңда Қазақстан-Түркіменстан шекарасында "Темір бара" автомобильдерді өткізу пункті бар. Онда кеден бекеті, сондай-ақ темір жол бекеті орналасқан.