Түркіменстанның мемлекеттік телеарналары мен радио станциялары бұдан былай бюджеттен қаржыландырылмайды, деп хабарлайды azathabar.com.
Түркіменстан президентінің 7 шілде күнгі жарлығына сәйкес, теле-радио хабар тарату және кинематография жөніндегі мемлекеттік комитетті шаруашылық есепке аударған. 2018 жылдан бастап бұл саланы мемлекеттік қазынадан қаржыландырылу біртіндеп тоқтатылады.
Үкіметтің шешімі бойынша, теле-радио хабар тарату жүйесі жарнама арқылы түскен табыстан өз шығындарын, өздері жабады.
Қазіргі уақытта Түркіменстанда мемлекеттік "Алтын Асыр", "Яшлык", "Мирас", "Түркіменстан", "Ашхабад", "Түркімен овазы" "Түркіменстан спорт" деп аталатын 7 телеарна және "Чар тарапдан", "Мирас", "Оваз" және "Ватан" деп аталатын 4 радио канал жұмыс істейді. Бұлардың бәрі мемлекет тарабынан қаржыландырылады.
Түркіменстанның мемлекеттік телеарналарындағы бағдарламаларды ел президенті қазіргі дамуға сәйкес келмейді деп бірнеше рет сынаған.